Алматыда «Etude-Ybyrai» ЖШС-нің «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкоға қарсы талап-арызы бойынша сот ісі қайта жалғасты. Компания журналисті өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратты деп айыптап, 71 миллион теңге өндіруді талап еткен. Экономикалық сараптама жүргізілгеннен кейін талап сомасы 43 миллион теңгеге дейін қысқартылды. Алайда енді құрылыс компаниясы журналисті қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызды деп те айыптап отыр.
Сот талапкерге Борейконың нақты қандай сөздері компанияның беделіне нұқсан келтіргенін және талап сомасының қалай есептелгенін түсіндіретін сараптамалар дайындау үшін 4,5 ай уақыт берген.
Талап-арызға Алматыдағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы бейнесюжеттер себеп болған. Құрылыс жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған. Олар шуға, шаңға және жоба туралы ақпараттың жоқтығына шағымданған. Бейнесюжеттерде құрылыс салушының әрекеттерін сынаған шенеуніктердің, депутат Бақытжан Базарбектің және Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың пікірлері де келтірілген. Алайда талапкер келтірілген залал үшін жауапкершілікті журналист көтеруі тиіс деп есептейді.
Сот отырысындағы негізгі мәселелердің бірі дайындалған сараптамалардың нәтижелері болды. Борейконың адвокаттары филологиялық сараптаманың қорытындысын жарамсыз деп тануды сұрады. Олардың айтуынша, зерттеу барысында қателері бар хаттамалар пайдаланылған, сот қойған сұрақтардың бір бөлігі алынып тасталған немесе қайта тұжырымдалған, ал кейбір дәйексөздер дереккөздері мен күндері көрсетілмей қарастырылған.
Қорғау тарапы қорытындыда «Everest Development» компаниясының аты аталуына да назар аударды, себебі талап-арыз «Etude-Ybyrai» атынан берілген. Талапкердің өкілі 2025 жылғы 1 тамызда бұл компаниялардың Premier тұрғын үй кешеніндегі үй-жайларды жарнамалау және сатуды ұйымдастыру туралы келісім жасасқанын растады, бірақ олардың өзара үлескер екенін жоққа шығарды.
Экономикалық сараптама болжамды залалға қатысы жоқ деп танылған шығындардың бір бөлігін алып тастап, талап сомасын 71 миллионнан 43 миллион теңгеге дейін қысқартқан. Есепке «Etude-Ybyrai» компаниясының іскерлік серіктесіне төлеген тұрақсыздық айыбы да енгізілген. Адвокат Фархад Цайдың пікірінше, аталған шығындардың залал болып саналатынын немесе саналмайтынын сот анықтауы тиіс.
Талапкердің өкілі Бақыт Қасыбаев компанияның талап-арызды толық көлемде қолдайтынын мәлімдеді. Ол даулы мәлімдемелердің бірі ретінде «құрылыс салушылар ешкімді елемейді» деген сөзді атап өтті. Сондай-ақ құрылысты жағымсыз жағынан көрсеткен және әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін бейнесюжеттерге сілтеме жасады.
Сұрақ-жауап барысында Қасыбаев компания жер телімін 2024 жылғы 14 тамызда, «Everest-Ybyrai» деп аталған кезде сатып алғанын мәлімдеді. 2025 жылғы сәуірде жердің нысаналы мақсаты жерасты автотұрағы бар тұрғын үй кешенін салу үшін өзгертілген. Қорғау тарапы бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарына бұл жерде көппәтерлі тұрғын үй салынбайтынына уәде бергенін еске салды.
Тараптар құрылыстың бірнеше рет тоқтатылу себептерін де талқылады. Талапкер өкілінің айтуынша, 2025 жылғы мамыр және қараша айларында берілген құрылыс жұмыстарын бастау туралы хабарламалар кері қайтарылған. Компания қолданыстағы хабарламаны тек 2026 жылғы қаңтарда алған.
Қорғау тарапы Premier тұрғын үй кешенінің бас мердігері — «Seven Stroi Development» ЖШС 2025 жылғы 15 қазанда құрылыс лицензиясынан айырылып, жаңасын тек 2026 жылғы 19 қаңтарда алғанына назар аударды. Осы кезеңде құрылыс үш рет тоқтатылған. Қасыбаев лицензияның жоқтығынан хабарсыз болғанын айтты.
Сонымен қатар талап-арызға тіркелген техниканың бос тұрып қалуы туралы актілерде мердігер «Dan Stroy» ЖШС үшінші тұлғалардың жолдарды жауып, жұмысшылар мен техниканың өтуіне кедергі келтіргенін, полиция шақырып, шуға шағымданғанын көрсеткен. Талапкердің өкілі бұл жағдайларды тұрғындардың бастамашыл тобының әрекеттерімен байланыстырып, журналистің жарияланымдары олардың наразылығын қолдағанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол тұрғындардың құрылысқа наразылығы Борейконың бейнесюжеттері шыққанға дейін басталғанын мойындады.
Адвокат Жанна Уразбахова құрылыс жұмыстарын бастау туралы хабарламалардың кері қайтарылу себептерін анықтау үшін Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдерін сот процесіне қатыстыруды сұрады.
Сот сондай-ақ көрші үйлердің екі тұрғынын — Әсел Базарбаева мен Гүлмира Балбековадан жауап алынды. Олар құрылысқа байланысты мәселелер Борейконың жарияланымдарынан әлдеқайда бұрын басталғанын айтты.
Базарбаеваның сөзінше, тұрғындар 2024 жылдың көктемінде жер теліміндегі ескі ғимарат бұзылғаннан кейін сұрақтар қоя бастаған. Олар жоба туралы ақпараттың жоқтығына, шуға, шаңға және түнгі құрылыс жұмыстарына шағымданып, мемлекеттік органдарға жүгінген және журналистерді шақырған. Вадим Борейкомен ол алғаш рет 2026 жылғы 6 қаңтарда кездескен.
Балбекова құрылыс техникасы автотұрақтарға апаратын жолдарды жауып тастайтынын, ал бір жолы жедел жәрдем көлігінің өтуіне кедергі келтіргенін айтты. Оның сөзінше, тұрғындар құрылыс салушыдан бірнеше рет ортақ кездесу өткізіп, жобаны таныстыруды сұраған, бірақ келісім ала алмаған.
Осылайша, сот отырысында тараптар Premier тұрғын үй кешенінің айналасындағы жанжалдың себептеріне қатысты әртүрлі түсініктеме берді. Қорғау тарапы сараптамалардың сапасына, сондай-ақ Борейконың жарияланымдары мен мәлімделген залал арасындағы себеп-салдарлық байланыстың бар екеніне күмән келтіреді. Ал талапкер журналистің материалдары компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін алға тартып отыр.