«Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы Амангелді Батырбеков тағы екі айға қамалды. Журналистің қайта қамауға алынғаны туралы блогер әрі азаматтық белсенді Тортуыл Шоқан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Батырбеков бұған дейін, 2 қазанда 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.
Белсендінің жазуынша, Батырбеков 23 қазанда бостандыққа шығуы керек болған. Алайда оны тағы екі айға қамауға алу туралы шешім қабылданған. Жаңа шешімнің ресми себебі әзірге белгісіз.
Тортуыл Шоқан журналистің қайта қамауға алынуына оның Facebook желісінде жариялаған «Сенсация деуге әлі ерте немесе Құрал Сейітханды неге қамалды?» атты видеоматериалы себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Бұған дейін Амангелді Батырбеков азаматтық белсенді Құрал Сейітханұлының ісіне қатысты жазбаларды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын.
Амангелді Батырбековтың өзі 20 тәулікке қамалуын сол уақытта дәл осы жазбамен байланыстырған. Оған әкімшілік кодекстің 73-3-бабы «Жала жабу» бойынша айып тағылған.
«Бүгін мені біздің Құрал Сейітханұлы қамалғаннан бері жариялап келе жатқан постарым үшін, “тапсырмамен” қаматпақшы болып жүрген үшеудің бірі – Сарыағаш аудандық полиция басқармасының басшысының тергеу бойынша орынбасары полковник Қуаныш Байзақовтың “жала жапты” деп өзінің бастығына жазған баянаты бойынша заңға қайшы түзілген хаттамамен, менімен бірнеше жылдан бері басараздық ұстанған, яғни, мені екі рет заңсыз соттап қамаса да жазаға бүгінгі күнге дейін тартылмаған Берік Қаипов басқарып отырған Сарыағаш аудандық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты, маған қатысты істі, орысша айтқанда, “беспредел” қарап, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға қаулы шығарды», – деген сол уақытта журналист жазбасында.
8 қыркүйекте Түркістан қалалық соты Құрал Сейітханұлын Қылмыстық кодексінің 147-бабы «жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер туралы заңнаманы бұзу» бойынша үш жылға бас бостандығынан айырған.
Амангелді Батырбеков бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамауда болған. 2023 жылы шілдеде Түркістан соты оны дәл осы «Жала жабу» айыбы бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамаған. Ол кезде журналистің үстінен сол кездегі мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы арыз жазған.
Батырбеков 2023 жылы наурызда «Сыбайластық па не бұл?» деген тақырыпта Facebook-та жазба жариялаған. Жазбада журналист «алаяқтық дерегімен басталған қылмыстық іс бойынша Болатбек Нәжметдинұлы күдікті болып танылған» деп жазған. Депутаттың сотқа жүгінуіне осы сөйлем себеп болған. Нәжметдинұлы арызында «Көрінеу жалған мәлімет жариялап, абыройым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді» деп көрсеткен.
Батырбеков жала жаппағанын, 2020 жылы Нәжметдинұлы «Алаяқтық» бабымен күдікті болып танылғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы бар екенін айтқан.
Дәл осы жылы қазанда Амангелді Батырбеков сот шешімімен тағы да 20 тәулікке қамауға алынды. Ол кезде Шымкент қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі прокуратура басқармасының басшысы Асқар Сапарғалиев «жала жапты» деп арыз жазған. Батырбеков өзіне тағылған айыппен келіспеген.
Асқар Сапарғалиев «Сарыағаш–Информ» газетінде жарияланған «Нағыз қарабет кім екен?» деген мақалаға байланысты арыз жазған. Мақалада Амангелді Батырбеков «Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы соттылығы бола тұра сайлауға түскенін, оған қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Сапарғалиев сайлау комиссиясына «соттылығы жоқ» деген анықтама бергенін» жазған.
Амангелді Батырбековтың өзіне тағылған айыптар бойынша ақталып шыққан кездері де болды. 2020 жылы наурызда Сарағаш аудандық соты «Заңғар Медет» қоғамдық қорының төрайымы Ләйла Дарханбаеваның журналистің үстінен түсірген «Қорлау», «Жала жабу» баптары бойынша шағымын қанағаттандырмады.
Бұған дейін Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Абдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.
Амангелді Батырбеков журналистік қызметіне байланысты істі болып ғана қойған жоқ. 2022 жылы оны жергілікті экс-шенеунік Бауыржан Майриховтың тапсырысымен өлтірмекші де болған.