Алматы соты Иаков Воронцовты 4 жылға бас бостандығынан айырды
  • Басты
  • >
  • Алматы соты Иаков Воронцовты 4 жылға бас бостандығынан айырды

Алматы соты Иаков Воронцовты 4 жылға бас бостандығынан айырды

08.10.2026

Алматының Медеу аудандық №2 соты бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Оған «Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау» бабы бойынша айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Істің саяси астары бар деп есептейді.  

7 қазанда өткен сот отырысында судья Жасұлан Құсайнов Иаков Воронцовты ҚК 296-бабының 4-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, рақымшылық туралы заңды пайдаланып, оны түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тергеу изоляторындағы қамаудағы бір күні бір жарым күн болып есептелді.

«Тағайындалған жазаны қысқартып, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын және жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтелсін. Үкім заңды күшіне енгенше қамауда ұстау бұлтартпау шарасыз өзгеріссіз қалдырылсын», – деді сот үкімін оқыған судья Жасұлан Құсайнов.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов сот үкімімен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмекші.

«Бүгін шығарылған үкім біздің ойымызша заңсыз. Мына жерде дәлелдер келтірген жоқ. Біз оны көрсеттік. Үкіммен біз келіспейміз. Қолға үкімді алғаннан кейін шағым береміз… Мен басында айтқанмын, мына жерде саяси қудалау», – деді адвокат. 

Қыркүйектің ортасында басталған сот процесі жабық өтті. Алғашқы сот отырысында прокурор «куәгерлер қауіпсіздігіне алаңдайды» деп, соттан процесті жабық өткізуді сұраған. Оған қорғау тарапы қарсылық білдіргенімен, сот өтінішті қанағаттандырған.

«Сотта кәмелетке толмағандар ісі қаралса, мемлекеттік құпия мен интимдік жағдайлар болса ғана жабық режимде өту керек. Бұл істе мұндай жағдайлар жоқ», – деген сол уақытта адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Ал Иаков Воронцовтың өзі сот залында істі «Ресейдің тапсырысы» деп атап, аштық жариялайтынын мәлімдеген.

«Меніңше, бұл – Ресей тарапынан түскен саяси тапсырыс. Бұл – заңсыз қылмыстық қудалау… Конституциялық құқығымның бұзылуына байланысты қарсылық ретінде мерзімсіз аштық жариялаймын», – деген ол.

40 жастағы Иаков Воронцов 2022 жылы Украинадағы соғысты айыптап, Ресейдің әрекеттерін сынады. Осыдан кейін көп ұзамай 2023 жылы Ресей православ шіркеуі оны діни қызметтен айырды.

Кейіннен Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын православ діни бірлестігін құруға әрекет жасап, оны тіркеуден бас тартқан Әділет министрлігінің шешіміне сот арқылы шағым түсірді.

Иаков Воронцов 13 ақпаннан бері қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («есірткі притонын ұйымдастыру») және 296-бабы («есірткі сақтау») бойынша айыптар тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Сот қарсаңында адвокат Ғалым Нұрпейісов қылмыстық істен 302-бап («есірткі притонын ұйымдастыру») бойынша тағылған айып алынып тасталғанын мәлімдеді.

Наурыз айында (православ священнигі мәртебесінен айырылған) Воронцовты АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне қосты.

Шілдеде Иаков Воронцов Ақтастағы психиатриялық ауруханадан қайтадан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған дейін оны адвокатына ескертпестен ауруханаға жіберген.

Дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу анықтамаған және оны мәжбүрлі емдеуге негіз жоқ деген қорытынды жасады.