Қазақстанда қамауда отырған ресейлік белсенділер Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянованың тағдырына қатысты дау басылар емес. Мовлаев өз-өзіне қол салмақ болғаннан кейін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тергеу изоляторында тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, 150-ден астам құқық қорғаушы, журналист және қоғам өкілдері Қазақстан билігін белсенділерді Ресейге бермеуге үндеді.
Vlast.kz сайтының жазуынша, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мансур Мовлаев отырған тергеу изоляторында тексеру жүргізіп жатыр.
Ведомство мәліметінше, Мовлаев өзіне «елеусіз» дене жарақатын салуға әрекет жасаған. Мекеме қызметкерлері оның әрекетін дер кезінде тоқтатып, қажетті медициналық көмек көрсеткен.
«Оны ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ… Сонымен қатар аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр », — деп хабарлады ҚАЖК.
Мовлаевтың өзіне қол жұмсауға әрекет жасағанын бұған дейін оның адвокаты Вадим Дроздов хабарлаған. Кейін белсенді ауруханада жатқан кезде өзіне қол жұмсауға екінші рет әрекет жасаған.
Өзіне қол жұмсамас бұрын жазып қалдырған хатында Мовлаев «әділетсіздіктен қажығанын» айтқан.
Мансур Мовлаев қайтыс болған жағдайда өзін Қазақстанда жерлеуді сұрап, «тіпті менің мәйітімді де олар ала алмасын» деген.
29 қыркүйекте 155 адам Қазақстан билігіне қайырылып, Мовлаев пен Емельянованы Ресейге экстрадицияламауды сұрап, үндеу жасады.
Ғалымдар, құқыққорғаушылар, журналистер мен қоғам өкілдері Қазақстан билігін ресейлік белсенділер Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты Ресейге бермеуге үндеді. «Ковчег» жобасы жариялаған ашық хатқа 155 адам мен ұйым қол қойған.
Мовлаев пен Емельянова Ресейге қайтарылған жағдайда олардың қамауға алынып, азаптауға тап болу, саяси қудалауға ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Хатта Мовлаевтың отбасы бұған дейін еркінен тыс әкетіліп, азапталғаны, ал Мансурдың өзі қамауда екі рет өзіне қол жұмсауға әрекет жасағаны айтылған.
Емельянова да Ресейде ұсталған кезде бірнеше рет қатыгездікке тап болған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, оған тіпті әжетханаға баруға рұқсат етпеген.
24 қыркүйекте Астананың әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты белсенді Юлия Емельянованың өтінішін қарап, пана бермеу туралы бұған дейінгі инстанцияларда шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Осыдан кейін адвокат Ескендір Әлімбаев кассациялық соттың шешімімен келіспейтінін айтып, Жоғары сотқа шағымданатынын мәлімдеген. Бірақ оның сөзінше, бұл экстрадицияны тоқтата алмайды, Емельянованы кез келген уақытта Ресейге жіберуі мүмкін.
Ашық хат авторлары Қазақстанды «қайтарып жібермеу» (non-refoulement) қағидатын сақтауға шақырған. Олардың пікірінше, бұл қағида азаптау немесе адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынас қаупі бар мемлекетке адамды қайтаруға жол бермейді.
Қазақстан билігі ашық хатқа әзірге ешқандай ресми пікір білдірмеді.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың авторитарлық режимін сынаушылардың бірі болған Мансур Мовлаев 2019–2020 жылдары шешен оппозициялық «Адат» қозғалысына республикадағы азаптаулар, адамдарды ұрлау және қылмыстық істерді қолдан жасау туралы ақпаратты жасырын түрде беріп отырған. Осыдан кейін оның үстінен «есірткіге» қатысты қылмыстық іс қозғалған. Осы іс бойынша ол үш жылға бас бостандығынан айырылған.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін көп ұзамай Мовлаевты шешен қауіпсіздік күштері ұрлап әкетіп, құпия түрмелердің біріне қамаған. Онда ол азаптауға ұшыраған. Соған қарамастан, Мовлаев қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен. Ол жерде де ұсталып, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағына заңсыз кірген.
Осыдан соң 2025 жылдың мамырында Алматыда қайтадан ұсталған. Сол уақытта Шешенстанда оның үстінен «бопсалау» айыбымен жаңа қылмыстық іс ашылған. Бұдан бөлек, Ресейде оған экстремизмге қатысты іс бойынша іздеу жарияланған.
Ресей түрмесінде қаза болған белгілі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі Юлия Емельянова 2025 жылы тамызда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталған. Кейіннен Қазақстан бас прокуратурасы Ресей тарапының Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған. Тиісті қаулы оған 2026 жылдың 29 қаңтарында берілген.