«Жақындарымызды өлімші етіп ұрып жатыр». Павлодардағы №46 колонияда отырған сотталғандардың туыстары 22 қыркүйекте мекемеге әскер кіргізіліп, жаппай күш қолданған болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, №46 колония ғимаратының алдына сотталушылардың туыстары жиналған. Видео авторы отызға жуық адам келгенін айтады. Алайда олар жақындарымен кездесе алмаған. Олар ықтимал азаптау фактілері жария болмас үшін колония әкімшілігі зардап шеккендерді жасырып отыр деп қауіптенеді.
«Бізге жеткен ақпарат бойынша, жігіттерге маска киген адамдар кіріп, жаппай соққыға жыққан», – дейді бейнежазба авторы.
Сотталушылардың туыстарының сөзінше, колонияға бірнеше жедел жәрдем көлігі келген.
Ал Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушылардың соққыға жығылғанын жоққа шығарды. Департамент колония аумағында тінту жұмыстары жүргізіліп, тыйым салынған заттар тәркіленгенін хабарлады.
«2026 жылғы 22 қыркүйекте Павлодар қаласындағы №46 мекемеде прокуратура өкілдері мен Павлодар облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлерінің қатысуымен тінту шаралары жүргізілді. Сотталғандардан тыйым салынған заттар анықталып, тәркіленді. Сотталғандарға күш қолдану және арнайы құралдар қолдану фактілері болған жоқ. Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға жазбаша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ», – деп мәлімдеді департамент.
Оқиғадан кейін колонияға құқық қорғаушылар Елена Семенова, Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Алексей Журбин, Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі Игорь Тарасенко және Павлодар облысы бойынша Ұлттық превентивті тетік (ҰПТ) тобының жетекшісі Сергей Молчанов барған.
Сергей Молчанов №46 мекемеде үш бірдей сотталушымен кездескен. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 8 адам №46 мекемеден №63 мекемеге ауыстырылған.
Молчановтың сотталғандармен әңгімелесу барысында алған мәліметтеріне сәйкес, 22 қыркүйекте тінту шаралары кезінде бетперде киген күштік құрылым қызметкерлері сотталушыларды футбол алаңына алып шыққан. Оларды қолдарын желкесіне қойып, тізерлетіп қойған. Бұл жағдай сағат 08:30-дан 15:30-ға дейін созылған.
Кейбір сотталушыларды аты-жөні бойынша шақырып, спортзалға алып барған. Олардың айтуынша, сол жерде ұрып-соққан. Сондай-ақ бетперде киген қызметкерлер сотталғандарға балағат сөздер айтқан.
Павлодар облысындағы №46 мекемеге жүргізілген арнайы превентивті бару нәтижесінде Павлодар облысы бойынша ҰПТ тобының жетекшісі бірнеше сотталғанның құқықтарының өрескел бұзылғаны туралы мәліметтер алған. Бұл деректер қатыгез, адамгершілікке жат және адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас белгілерін қамтиды. Ал сипатталған ұрып-соғу және бастарын суға батыру (сулы асфиксия) эпизодтарында азаптау белгілері бар.
Сотталғандарды жеті сағат бойы қолдарын желкесіне қойып, тізерлеген күйде мәжбүрлі түрде ұстау, қорлау, қоқан-лоқы көрсету және күш қолдану Қылмыстық кодексінің 146-бабы бойынша саралауға жатады.
Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі Игорь Тарасенко бұл жағдайға байланысты сотталғандардың жақын туыстарынан өтініштер түскенін хабарлады. Оның айтуынша, барлық өтініш бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін Павлодар облысының прокуратурасына тиісті хаттар жолданған.
Сондай-ақ Тарасенко №63 мекемеге барып, сол жаққа ауыстырылған сотталушылармен кездескенін айтты. Оның мәліметінше, 8 зардап шеккен адамның 7-еуі өздеріне қатыгездік көрсетілгенін айтқан, бір адамның ешқандай шағымы болмаған.
Тарасенконың сөзінше, оның өкілеттігі осы жерден аяқталған. Себебі 25 қыркүйекте Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі қызметінен кеткен.
Өз кезегінде зардап шеккен сотталушылардың туыстарына қажет болған жағдайда адвокат көмегін алу үшін Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Павлодардағы филиалының байланыс деректері берілді.