Қамаудағы журналсит Думан Мұхаммедкәрімнің жақындары оның денсаулығына алаңдап, вице-президент Ерлан Қарин, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева мен бас прокуратур Берік Асыловқа үндеу жасап, хат жолдайтындарын мәлімдеді. Олар журналист қамауда отырған Қызылордадағы №60 мекемеге тексеріс жүргізуді талап етті.
Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілеповтың сөзінше, ұлының денсаулығы мүшкіл хәлде. Ол Думанның жазған шағымдары түрме аумағынан шықпай жатқанын, өзіне жасалған қысымға байланысты қарсылық ретінде түрлі заттар жұтуға мәжбүр болғанын айтты.
«2026 жылы қыркүйекте Думан өзіне екі рет қол жұмсамақ болды. Бұл оқиға аяқ астынан болған жоқ. Оған дейін ол өз құқығын қорғауға, жағдайын түсіндіруге және көмек алуға талай рет тырысты. Алдымен ол мемлекеттік органдарға, соның ішінде ҚР президентіне дейін арыз-шағымын жолдады. Ол шағымы қаралып, өзіне қатысты заңсыздықтар тоқтатылады деп үміттенді. Бірақ өзінің айтуынша, көтерген мәселелері шешілмеген. Содан кейін Думан аштық жариялады. Ол отызыншы тамыздан бері тамақ ішпей, тек су ішіп жүргенін хабарлады. Аштық жариялау да нәтиже бермеген соң, өз денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге барды», – деді Алмас Тілепов.
Оның айтуынша, бұранда, магнит жұтқаннан кейін түрме қызметкері Ерлік Маханов Думан Мұхаммедкәрімді 15 тәулікке тәртіптік оқшаулау орнына қамау туралы қаулы шығарған.
«Мен осы жерде бір сұрақ қойғым келеді. Адам шағым жазып, аштық жариялап, ақырында өзіне зиян келтіре бастаса бұны тек түрме тәртібін бұзды деп қарауға бола ма? Оның неге осындай жағдайға жеткенін анықтау керек емес пе. Думан 2024 жылғы 19 желтоқсаннан бері бір адамдық тәртіптік оқшаулау орнында ұсталып отырғанын айтады. Мен оны осынша уақыт қандай негізде оқшауда ұстағанын, анық тәртіптік жазаның заңдылығын және оған жасалған қарым-қатынасты тексеруді талап етемін», – деді ол.
Алмас Тілепов ұлының жұтқан заттары әлі де ішінде екенін айтты. Ол Думанға дер кезінде ота жасалып, ішіндегі заттарды алуды талап етіп отыр.
«Мен бас прокурорға тікелей жүгінемін. Ұлымның тағы да өзіне қол жұмсағанын күтпей, дәл қазір шара қабылдаңыздар. Мен ұлымның тірі қалғанын қалаймын. Оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілсін. Оны осындай жағдайға жеткізген барлық мән-жай анықталып, кінәлі адамдар болса заң алдында жауап берсін. Мен ертең ұлымның қайтыс болғаны туралы хабар естігім келмейді. Ұлымның өмірін сақтап қалуды, оны қорғауды және шындықтың анықталуын талап етемін», – деді Алмас Тілепов.
Баспасөз мәслихатында түрмеге барып, Думан Мұхаммедкәріммен кездескен құқық қорғаушы, адвокат Абдолла Бақбергенұлының видеосы көрсетілді. Ол да Думанның денсаулық жағдайы мүшкіл екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов осы уақытқа дейін Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына байланысты бірнеше органға арыз-шағым жіберген. Бірақ оның сөзінше, барлық жауап «отписка» түрінде бір сарындағы жауаптар. Ол да бас прокуратураға қайырылып, журналистің жағдайына назар аударуын талап етті.
Бұның алдында адвокат Вадим Курамшин Қызылорда түрмесінде Думан Мұхаммедкәріммен кездескен. Журналист адвокаттың келуін сұраған және денсаулығына шағымданып, бұған дейін қарсылық ретінде жұтқан заттар әлі де асқазанында екенін, оны алуға әлі ешкім ешқандай әрекет жасамағанын айтқан.
Бұған дейін, 2 қыркүйекте Думан Мұхммедкәрімнің анасы Қалимаш Тілепова ұлының жағдайына алаңдап, АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамптан көмек сұраған.
Қалимаш Тілепова бүгінгі баспасөз мәслихатына қатыса алмады. Алмас Тілеповтың айтуынша, қазір жұбайының денсаулығы нашарлаған. Көзі көрмей қалған.
«Шешесінің жанына қатты батты. Ол кісінің көзі аурып, жылай-жылай енді міне көрмей қалды. Бүгін орнынан тұрып, осы баспасөз мәслихатына келуге де хәлі келмеді. Қатты ауырып жатыр ол кісі енді», – деді Алмас Тілепов.
Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы Қызылордадағы N60 колонияға этаппен жеткізілген. Ол сол уақыттан бері жалғыз адамдық камерада отыр. Журналист қарсылық ретінде түрме киімін киюден бас тартқан. Бірнеше рет аштық жариялаған.
Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнеше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент оны бейбіт, саяси ұйым деп таныған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскендер де жоқ дейді.
Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла бастады. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.
Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.