Қамаудағы азаматтық белсенді Санжар Боқаевты қорғаушыларына ескертпестен Алматыдан Астанаға алып кеткен. Бұл жөнінде оның адвокаты Алма Мусина хабарлады.
Адвокаттың сөзінше, 17 қыркүйекте Санжар Боқаевпен кездесу үшін ҰҚК Алматыдағы тергеу изоляторына барған. Алайда онымен кездесе алмаған. Боқаевты Астанадағы тергеу абақтысына алып кеткен.
«Кеше Санжар Боқаевқа Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің тергеу изоляторына барғанымызда, оның Астана қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілгенін білдік. Бүгін мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның да Астанаға әкетілгені белгілі болды. Бұл жағдай сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған кезде орын алып отыр. 2026 жылы 28 қыркүйекте Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында аталған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтеді», – деп жазды Алма Мусина Facebook парақшасына.
Мусинаның пікірінше, бұл жағдай Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожаның адвокаттарымен бірге сот процесіне дайындалуына кедергі келтіреді.
«Алмалы аудандық соты сот отырысы басталғанға дейін, яғни 28 қыркүйекке дейін, сотталушылардың Алматыға қайтарылатынына сендіріп бақты. Алайда сотталушыларды этаппен басқа қалаға жіберу туралы сот қаулысын біз алған жоқпыз. Біз құқық қорғау органдарының бұл әрекеті қорғауымыздағы адамдардың Алмалы аудандық сотына офлайн режимде қатыса алмауына немесе істі толығымен Астана қаласына беруге бағытталған болуы мүмкін деп алаңдап отырмыз. Бұл өз кезегінде қорғаушылар мен сотталушылардың жақындарына басқа қалаға барып, тұру мәселесінде қиындықтар туғызуы мүмкін. Бұдан бөлек, олар Алматы тұрғындарының басым бөлігі Санжарды қолдайтынынан қауіптеніп отыруы да мүмкін деген болжам бар», – деді ол.
Адвокат жазбасында Бас прокурор мен Жоғары сот төрағасына қайырылып, істің әділ әрі заң аясында қаралуына кепіл болуларын сұрады.
Санжар Боқаев 18 наурыздан бері тергеу абақтысында отыр. Билік орындары ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап, жалған ақпарат таратқан және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялаған деген күдікке ілінгенін айтқан.
Ақпан айының ортасында Боқаев Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, АҚШ-қа қоныс аударып, сол жақтан бизнес ашқанын мәлімдеген. «Нәтижесіз қоғамдық-саяси жұмыстан шаршағанын» айтқан.
Бас прокуратура нұсқасына сай, Боқаев Алматыдағы Баум тоғайында заңсыз ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған болуы мүмкін.
Боқаевтың жақтастары істі «қолдан жасалған» деп атап, оның саяси астары бар екенін айтқан.
Санжар Боқаев кейінгі жылдары Қазақстандағы заңсыздықтар, утильалым, бюджет шығындары мен Алматыдағы құрылыс саласындағы күмәнді жайттар туралы видео түсіріп, түрлі мәлімдемелер жасап танылған.
Ол 2022 жылы «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеп, оны тіркете алмаған.
2023 жылы өткен парламент сайлауында депутаттыққа өз-өзін ұсынып, мәжіліске өтпей қалған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген. Бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.
Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі болды.
«Нұр Отан» (жақында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылған «Аманат») партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.