Сот шешімі, аштық және қарсылық: Иаков Воронцовтың ісі жабық қаралатын болды
  • Басты
  • >
  • Сот шешімі, аштық және қарсылық: Иаков Воронцовтың ісі жабық қаралатын болды

Сот шешімі, аштық және қарсылық: Иаков Воронцовтың ісі жабық қаралатын болды

17.09.2026

Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың ісі жабық қаралатын болды. Ол істі «Ресейдің тапсырысы» деп атап, қарсылық ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеді.

Алматының Медеу аудандық №2 сотында Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцовтың ісі қарала бастады. Оған «Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау» айыбы тағылған.

Воронцов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Сот процесі алдында ол Азаттық Азия басылымына «Меніңше, бұл – Ресей тарапынан түскен саяси тапсырыс. Бұл – заңсыз қылмыстық қудалау» деп мәлімдеді.

Алғашқы сот отырысында прокурор «куәгерлер қауіпсіздігіне алаңдайды» деп, сот процесін жабық өткізуді сұрады. Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған қарсы шықты. Судья прокурор өтінішін қанағаттандырды.

«Сотта кәмелетке толмағандар ісі қаралса, мемлекеттік құпия мен интимдік жағдайлар болса ғана жабық режимде өту керек. Бұл істе мұндай жағдайлар жоқ», – деді адвокат.

Воронцовтың бұл шешім өзінің Конституциялық құқығының бұзылуы екенін айтты.

«Конституциялық құқығымның бұзылуына байланысты қарсылық ретінде мерзімсіз аштық жариялаймын», – деді ол сот залында.

40 жастағы Иаков Воронцов 2022 жылы Украинадағы соғысты айыптап, Ресейдің әрекеттерін сынады. Осыдан кейін көп ұзамай 2023 жылы Ресей православ шіркеуі оны діни қызметтен айырды.

Кейіннен Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын православ діни бірлестігін құруға әрекет жасап, оны тіркеуден бас тартқан Әділет министрлігінің шешіміне сот арқылы шағым түсірген.

Иаков Воронцов 13 ақпаннан бері қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («есірткі притонын ұйымдастыру») және 296-бабы («есірткі сақтау») бойынша айыптар тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Сот қарсаңында адвокат Ғалым Нұрпейісов қылмыстық істен 302-бап («есірткі притонын ұйымдастыру») бойынша тағылған айып алынып тасталғанын мәлімдеді.

Наурыз айында (православ священнигі мәртебесінен айырылған) Воронцовты АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне қосқан (Frank R. Wolf Freedom of Religion or Belief Victims List).

Шілдеде Иаков Воронцов Ақтастағы психиатриялық ауруханадан қайтадан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған дейін оны адвокатына ескертпестен ауруханаға жіберген.

Дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу анықтамаған және оны мәжбүрлі емдеуге негіз жоқ деген қорытынды жасаған.