Орал полициясы белсенді Маруа Ескендірованы психиатриялық диспансерге алып барған
  • Басты
  • >
  • Орал полициясы белсенді Маруа Ескендірованы психиатриялық диспансерге алып барған

Орал полициясы белсенді Маруа Ескендірованы психиатриялық диспансерге алып барған

08.09.2026

4 қыркүйекте ұслатған оралдық белсенді Маруа Ескендірованы полиция психиатриялық диспансерге алып барған. Бұл туралы «Орал апталығы» басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, Маруа Ескендірованы полиция Абай алаңынан психиатриалық диспансерге алып барған.

«Нұрлыбек Кыдрашев пен Мақсұт Тельман көлікке отырғызып, психиатриялық диспансерге алып барды. Олар аулаға кіріп, менен ауруханадан медициналық тексерістен өтуімді талап етті. Мен көліктен түсуден бас тарттым. Құқық қорғаушы Павл Кочетков пен адвокатымды шақыруларын талап еттім. Мен байсалды түрде сұрадым. Себебі шу көтеріп, айқайласам оның оларға жақсы себеп болатынын түсіндім. Дәрігер шығып, өздеріне мені психиатриалық сараптамадан өткізу туралы тапсырма түскенін айтты. Мен оған өзімді полиция күштеп алып келгенін және ғимаратқа құқық қорғаушы мен адвокаттың қатысуымен ғана кіретінімді жеткіздім. Ол тексерістен толықтай бас тартуға құқығым бар екенін айтты», – дейді Маруа Ескендірова.

Полицейлер белсендінің машинадан түсірмей екі сағат ұстап отырған.

«Мен психикалық ауру емеспін. Алқаш, наркомен немесе жезөкше емеспін. Мен азаматтық белсендімін. Менің әділдікті қолдайтынымды білесіздер. Менің ешқандай радикалды ойларым жоқ», – дейді белсенді.

Маруа Ескендірова осыған дейін екі акцияға қатысқаны үшін 50 күн әкімшілік қамауда болған. Ол кезде де полиция оны алаңнан ұстап әкеткен. Белсенді кезекте тұрған адамдарға 10 соттық жер беруді және қымбатшылыққа қарсы пикет өткізген.

Маруа Ескендірова Оралда қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Сол үшін талай рет әкімшілік қамауға алынған. 2023 жылы Орал соты «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп белсендінің бостандығын шектеген. Бұған қоса сот қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Кейіннен Маруа Ескендірова мерзімінен ерте босап шықты.