Алматыда Тоқаевқа үндеу жасаған тұрғын айыппұл арқалады
  • Басты
  • >
  • Алматыда Тоқаевқа үндеу жасаған тұрғын айыппұл арқалады

Алматыда Тоқаевқа үндеу жасаған тұрғын айыппұл арқалады

30.08.2026

Алматы соты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған «Көктөбе» шағын ауданының тұрғындарының бірі Елена Соколға айыппұл салды.

Vlast.kz сайтының жазуынша, Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Елена Соколға «рұқсат етілмеген бейбіт жиынға қатысқаны үшін» 30 АЕК (129 мың 750 теңге) көлемінде айыппұл салған.

11 тамызда Instagram-дағы sohranim_koktobe парақшасында «Көктөбе» ықшам ауданының тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған еді. Олар шағын аудандағы құрылыс өзгерістерін бекітуді кідірте тұруды, тәуелсіз, жан-жақты зерттеу жүргізіп, тұрғындармен ашық талқылау жүргізуді, сонымен бірге қолданыстағы жеке сектор мен жеке тұрғын үй құрылысы аймағын сақтауды сұрады.

«Көктөбе ықшам ауданының тұрғындары Тоқаевтың атына видеоүндеу жазып, үйлерімізді қорғауды және үйлерді сүруды тоқтатуды сұрады. Осыдан кейін бізді полицияға шақырды. Енді бізге бұл жай ғана видео емес, рұқсат етілмеген митинг немесе жиын екенін айтып жатыр», – деді Елена Сокол.

«Азаматтардың бейбіт түрде жиналуына құқығы бар, ешкімге зиян келтірген жоқ. Бұл [сот шешімі] негізсіз, әділетсіз шешім. Әзірге шағымданамыз ба, жоқ па, белгісіз», – деді адвокат Жанар Балғабаева.

Адвокаттың айтуынша, қандай да бір шектеу немесе тыйым болмаса, бейбіт жиын өткізуге ештеңе кедергі болмауы керек.

Елена Сокол «сонда президентке видеоүндеу жасай алмаймыз ба» дейді.

«Біз алаңда немесе әкімдіктің алдында тұрған жоқпыз, блогерлерді шақырып жатқан жоқпыз. Видеоүндеу жасап, Instagram-парақшамызда жарияладық. Президентке видеоүндеу жасауымызға не түрткі болды? Себебі жүздеген хатымызға түсінікті жауап берілген жоқ. Біздің жалғыз айтпақ болған нәрсеміз – «Көктөбе» ықшам ауданында көп қабатты тұрғын үй салуға болмайды», – деді тұрғын.

Бұған дейін Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы «Көктөбе», «Татарка» және «Компот» шағын аудандарының тұрғындарына жеке тұрғын үйлерді сүріп, оның орнына көпқабатты бизнес ғимараттарын салуға қарсылық білдіріп, митинг өткізуге рұқсат бермеген.