БҰҰ сарапшылары Воронцов ісіне алаңдаушылық білдірді
  • Басты
  • >
  • БҰҰ сарапшылары Воронцов ісіне алаңдаушылық білдірді

БҰҰ сарапшылары Воронцов ісіне алаңдаушылық білдірді

11.06.2026

Халықаралық ұйымның арнаулы баяндамашылары бұрынғы діни қызметкердің ісіне қатысты Қазақстан үкіметінен жауап күтеді

Біріккен Ұлттар Ұйымының үш бірдей арнаулы баяндамашысы Ирен Хан, Джина Ромеро және Назила Ганеа Қазақстанда тұтқындалып, кейіннен психиатриялық ауруханаға жатқызылған бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың ісіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, ел үкіметінен жауап беруді сұрады. 

«Біз үкіметтің назарына әкей Иаков Воронцовқа қатысты жалғасып жатқан сот қудалаулары туралы өзіміз алған ақпаратты жеткізгіміз келеді. Бұл қудалаулар, шамасы, оның Орыс православие шіркеуінің Украинаға басып кіру мен оккупацияны қолдауын ашық түрде сынауымен байланысты. Сондай-ақ, көшбасшысы болып әкей Воронцов сайланған «Иеміздің Өзгеруі құрметіне арналған тәуелсіз православ христиандары қауымдастығын» тіркеуден бас тарту мәселесіне де назар аударғымыз келеді», – делінген үндеуде.

БҰҰ сарапшылары екі жайтқа байланысты түсінбеушілік білдіруде. Біріншісі – діни бірлестікті тіркеуден бас тарту себептері. Бас тартуға бастамашылардың біріне тиесілі, бірақ қызмет атқармайтын кәсіпорынның болуы негіз ретінде көрсетілген. «Бастамашылардың біріне тиесілі белсенді емес компанияның болуы неге қалған 53 бастамашының бірлестік құру құқығынан айырылуына негіз болатыны түсініксіз», – деп атап көрсетілген.

Арнаулы баяндамашылар Воронцовтың ісіне қатысты жауап беру үшін Қазақстан үкіметіне 60 күн берілетінін де жеткізді. 

Естеріңізге сала кетсек, 12 ақпан күні бұрынғы діни қызметкердің үйінде тінту жұмыстары жүргізіліп, одан есірткі заттары табылды. Дәлірек айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлері үш орама синтетикалық есірткі заты табылғанын мәлімдеді. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы («Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарын сақтау») және 302-бабы («Есірткі притонын ұстау») бойынша айып тағылды. Воронцов өз кінәсін мойындамайды және тыйым салынған заттардың өзіне қолдан орналастырылғанын мәлімдейді. Сондай-ақ, қамауда болған кезінде өзінің діни сенімдеріне қатысты мәлімдемелеріне қарамастан, оның басын күштеп тақырлап алғанын айтады.

Артынша, Воронцов екі айға қамауға алынды. Тергеу изоляторынан оны психиатриялық сараптама өткізу үшін ауруханаға жатқызғаны белгілі болды. 

Бұл шешімге Воронцовтың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов шағым түсірді. Алайда, Алматы қаласы апелляциялық соты бұрынғы православ діни қызметкері Яков Воронцовты жабық психиатриялық мекемеге мәжбүрлі түрде жіберу туралы шешімді күшінде қалдырды. Қорғаушы тарап психология-психиатриялық сараптама қорытындысымен Воронцов мекемеге жеткізілгеннен кейін ғана таныстырылғанын мәлімдеп, шешімге қарсылық білдірген.

Воронцовты 13 мамырда психиатриялық стационарға тексеруге жатқызған. Адвокатының айтуынша, ол әлі екі аптадай сонда болады, ал сот бұл мерзімді ұзартуы да мүмкін.