Астаналық белсенді Бекзадина екі жылға бас бостандығынан айрылды. Оған Қылмыстық кодекстің 380 бабы тағылды
«Алға, Қазақстан» тіркелмеген партиясының белсендісі Эльвира Бекзадинаға үкім оқылды. Астана соты белсендіні «билік өкілін қорлау және оған күш көрсету» бабымен кінәлі деп тауып, оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Оның кәмелеттік жасқа толмаған баласы болуына байланысты, Бекзадинаның үкімін орындау бір жылға кейінге шегерілді.
Үкімге келіспейтінін айтқан Бекзадина апелляциялық шағым түсіретінін де айтты. Ол бұл істің саяси астары бар деп санайды.
Бекзадина былтыр 16 желтоқсан күні үйінен шыққан бетте ұсталған болатын. Оны кәмелеттік жасқа толмаған балаларының көзінше ұстап, полиция учаскесіне әкетті.
«Тірек» құқық қорғаушылар сайтының жазуынша, «Қудалауға негіз болған» жағдай – оның кәмелетке толмаған балаларын (10 және 7 жастағы) полиция қызметкерлерінің әрекеттерінен қорғауға тырысуы. 2025 жылғы 16 желтоқсанда Эльвира Бекзадина екі баласымен бірге саяси қуғын-сүргін құрбандарына гүл қою үшін үйден шыққан кезде, тоғыз полиция қызметкері оны және балаларын дөрекі түрде ұстап әкеткен».
Бұған қатысты Бекзадинаның қорғаушысы баспасөз мәслихатын өткізіп, белсендіге қатысты мәселені ақпарат құралдарына жеткізген болатын.
Мейіржан Досқараев алдымен үйқамаққа алынған белсенді Бекзадинаға қатысты былай деген еді: «Эльвира Бекзадина бойынша жағдай былай. Оның екі кішкентай баласы бар. 16 желтоқсан күні Бекзадинаны екі баласымен бірге далаға шыққанда полиция қызметкерлері ұстады. Олар Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке барып, Желтоқсан құрбандарына гүл шоқтарын қоймақ болды. Үйінен шыға бергенде, белгісіз адамдар келіп, оның екі баласын әкете бастады. Ол балаларын қорғайды. Ешкім түсіндірме жасамады. Балаларымен бірге ұстап әкетті. Сары арқа аудандық полиция бөлімшесіне әкетті. Ешқандай құжат көрсетпеді. Соттың қаулысы болмады. Не үшін ұстағанын айтпады. Ал кішкентай балаларды неге ұстады? Мұны қалай түсінуге болады? Бөлімшеде балаларын бөлек әкетеді, өздерін басқа кабинетте ұстады. Полицияға келгенімде, Бекзадина еденде жылап жатты. Бірден жедел жәрдем шақырды, прокурорға шағымдандым. Ұстаған кезде балаларға зақым келтірген. Үстіндегі киімін жыртты. Мұның бәрі дәлелденді, қолымызда құжаттар бар айғақтайтын. Қаншама шағым түсірдік бұған байланысты. Бәрін кері қайтарды. Бұл балаларды азаптау емес пе? Қылмыстық кодексте 146 бап бар. Азаптау айыбы бойынша.
Балаларға қатысты ешқандай процессуалды құжат жоқ. Оларды не үшін ұстады? Неге бөлімшеге әкетті? Қандай негізде анасынан айырды? Кешке қарай олардың үйіне полиция қызметкерлері келіп, балаларын қайтадан әкетеді. Балалар үйіне әкетеміз деген. Оларды шешіндіріп, видеоға түсірген. Не үшін олай жасады? Қандай негізде? Конституция қайда? Заң қайда? Екі сағаттан кейін оларды қайтадан үйіне әкеліп тастады. Не үшін әкетті? Бұл қорқыту емес пе кәдімгідей?
Бекзадинаға келер болсақ, бөлімшеде құлап жатты. Қолы ісіп кетті. Өзін ұрып кеткенін айтты ұстаған кезде. Қазіргі таңда оны үйқамақта ұстап отыр. Үйінен шыға алмайды. Екі рет оның үстінен протокол толтырып, үйқамақ жағдайын бұзып отырсың деп ескертті».
Сол себепті, белсенділер Бекзадинаның ісінде саяси астар бар деп санайды.