Журналист Борейкоға қатысты сот басталды
  • Басты
  • >
  • Журналист Борейкоға қатысты сот басталды

Журналист Борейкоға қатысты сот басталды

25.05.2026

Құрылыс компаниясы белгілі журналист Вадим Борейкодан 71 миллион теңге өндіруді талап етіп отыр

Алматының Бостандық аудандық сотында белгілі журналист, «Гиперборей» Youtube арнасының редакторы Вадим Борейкоға қатысты сот процесі басталды. Оған қарсы азаматтық шағымданушы – «Etude Ybyrai» құрылыс компаниясы. 

Естеріңізге сала кетсек, Алматының шағын аудандарының бірінде аталмыш компания тұрғын үй құрылысын бастаған болатын. Бұған көрші үйдің тұрғындары өз наразылығын білдіріп, Борейко мен мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке шағымданады. Олардың ойынша, аталмыш тұрғын үй онсыз да тар жолға одан әрі салмақ түсіреді, азаматтарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Базарбектің араласуынан соң тұрғын үй құрылысы бірнеше күнге тоқтап та қалған болатын. Кейіннен құрылыс компаниясы өз жұмысын қайта жандандырды. 

Бұл «іскерлік беделімізге нұқсан келтірді» деген құрылыс компания өкілдері Борейконың үстінен шағым түсірді. Олар журналистен 71 миллион теңге өндіруді талап етіп отыр.

Бостандық ауданында қаралып жатқан сот процесінде талапкер — «Etude Ybyrai» ЖШС өкілдері сот отырысын жабық режимде өткізуді сұрады.

Олардың айтуынша, сот барысында бәсекелестер пайдаланып кетуі мүмкін коммерциялық құпия жариялануы ықтимал. Сондай-ақ БАҚ компания туралы жағымсыз пікір қалыптастырып жатыр деп мәлімдеді.

Ал Вадим Борейконың өкілдері бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады, себебі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 19-бабы азаматтық істер бойынша сот процесінің ашық өтуіне кепілдік береді.

Бостандық аудандық сотының судьясы Айдар Утебеков өтінішті ашық қалдырды, алайда журналистерді сот залынан шығарған жоқ. Себебі бұл әзірге алдын ала сот отырысы және қазіргі кезеңде ешқандай құпия мәлімет жария етілмейді.

Алайда судья тікелей эфир жүргізуге тыйым салды.

Қызықты жайт: талқылау барысында Борейконың өкілдері талапкерден нақты қай ақпарат компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, шығын әкелгенін атауды сұрады, өйткені талап арызында бұл туралы ештеңе көрсетілмеген. 

Алайда талапкер тарап бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. 

Вадим Борейконың өзі әзірге бұл іс бойынша пікір білдіре алмайды, өйткені сот оған сот процесі туралы ақпарат таратуға тыйым салған. Осы сот актісіне жеке шағым түсірілгенімен, ол қанағаттандырылмады. Журналистің өкілі Фархад Цай апелляциялық шағым берген, бірақ әзірге ол бойынша шешім шыққан жоқ.

Сот процесі басталмас бұрын журналист Борейконың барлық есепшоттары бұғатталғаны да хабарланды.

Назар аударатын тағы бір жайт- құрылыс компаниясының мәжіліс депутатына қарсы ешқандай шағымы жоқ. Тіпті «құрылысты тоқтатуды талап еткен жергілікті белсенділерге» қарсы да талаптары болмай шықты. Бірақ, мән жайды көрсетіп, өзінің арнасына жүктеген журналиске талап шағымы бар болып шықты.