Петропавлда Вадим Курамшин 10 тәулікке қамауға алынса, Қызылордада Гүлназ Серікбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды
  • Басты
  • >
  • Петропавлда Вадим Курамшин 10 тәулікке қамауға алынса, Қызылордада Гүлназ Серікбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Петропавлда Вадим Курамшин 10 тәулікке қамауға алынса, Қызылордада Гүлназ Серікбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды

13.03.2026

Петропавл қаласының тұрғыны, азаматтық белсенді Вадим Курамшинді «жалған ақпарат таратты» деген әкімшілік құқық бұзушылықпен 10 тәулікке қамауға алды. 

«Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 2 наурызда Курамшин Instagram және TikTok парақшаларында видео жариялап, «Конституцияны талқылағаны үшін адамдарды қамауға ала бастады» деген мәлімдеме жасаған. Полиция бұл ақпаратты жалған әрі қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін деп бағалаған», деп жазады Ара медиа сайты. 

Әкімшілік сотта жауап берген Курамшин кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, ол бар болғаны бұл мәліметті интернеттен оқып, соған қатысты өз пікірін білдірген. 

«Қорғаушылар полиция қызметкерлері оның үйіне ескертусіз кіргенін айтып, ұстауды заңсыз деп атады. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамай, полиция әрекеті заң талаптарына сәйкес болғанын мәлімдеді», дейді Ара медиа журналистері.

Сот Курамшиннің әрекетін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 4-бөлігі бойынша — онлайн-платформалар арқылы қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін жалған ақпаратты қайталап тарату деп бағалады. Бұған дейін ол осы бап бойынша 2025 жылғы 17 қарашада жауапкершілікке тартылған.

Курамшиннен бөлек, Қызылордада белсенді Гүлназ Серікбаеваның да ұсталғаны белгілі болды. «Азаттық» журналистерінің хабарлауынша, Серікбаеваның үйін тінтуге арнайы жасақ қызметкерлері келіп, оның өзін алып кеткен. 

Журналистердің жазуынша, «Оның үйіне тінту жүргізу туралы сот санкциясында “алауыздық қоздыру” (174-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жазылған.  Іске Серікбаеваның Facebook жазбалары түрткі болған деп айтылады. Сот қаулысына қарағанда, сот психологиялық-филологиялық сараптама Серікбаеваның “жазбаларының жалпы бағыты орыс, қытай ұлты өкілдеріне қатысты жағымсыз пікір айтуға бағытталған” деген қорытындыға келген.  Желіде жариялаған видеода оны үйінен түнде бетін қарамен жауып алған арнайы жасақ өкілдерінің ұстап әкеткені, анасының бұған қарсы болғаны көрінеді».

Қызылорда полициясы Серікбаеваның ұсталуына қатысты әзір ешқандай да түсініктеме бермеді.