Шымкенттік белсенділер Ерғали Құлбаев пен Ақлима Ертайқызына «Бопсалау» айыбы тағылып, екеуі де төрт жылға бас бостандығынан айрылды. Құлбаев тағылған айыппен келіспеді
Қоғамдық-саяси мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп жүретін Шымкент қаласының белсендісі Ерғали Құлбаев төрт жылға бас бостандығынан айрылды. Онымен бірге белсенді Ақлима Ертайқызы да сотты болып, ол да төрт жылға түрме жазасына кесілді. Алайда, Ертайқызының кәмелеттік жасқа толмаған баласы болуына орай оның жазасын өтеу мерзімі бес жылға шегерілді.
Дәл осындай үкімді Қызылорда облысы, Қазалы аудандық соты оқыды. Құлбаев пен Ертайқызы Қылмыстық кодекстің 194-баптың 2-бөлігі 2-тармағы, яғни «Бопсалау» бойынша қылмыстық жазаға тартты.
Сот құжаттарына қарағанда, қылмыстық іске 2025 жылдың жазында Қазалы ауданының әкімін сайлау кезіндегі оқиға түрткі болған. Дауыс беру кезінде тәуелсіз бақылаушы ретінде сайлау учаскелерін аралаған Құлбаев пен Ертайқызы сайлаудағы кемшіліктер туралы ішкі істер бөліміне арыз береді.
Сот құжатына сүйенсек, айыпталушылар осы заңсыздықтарды “әлеуметтік желіге жариялап, масқаралайтынын айтып, қорқытпақ болған”. Сот құжатында ол жөнінде былай деп жазылған:
“Сайлау комиссиясының төрағасы осы жағдай үшін А.Ертайқызынан кешірім сұраған уақытта соңғы аталған тұлға “келіп-кету жол пұлымыз бар дегендей” деп өзінің бес саусағын көрсетіп, ақша сұрап тұрғаны жөнінде ымдап, ақша талап ете бастаған. “Бесеу дегеніңіз 50 мың теңге ме” деп сұраған кезде А.Ертайқызы “50 мың теңге дегеніңіз не болады, 500 мың теңге” деп одан әрі қорқыту арқылы талап еткен” деп жазылған. Сот құжатына қарағанда, осылайша 300 мың теңге есепшоттарына түскен.
Ал қорғау жағының айтуынша, сотта жәбірленуші жақтың айыпталушыларды “қылмысқа өздері арандатқаны” анықталған.
Адвокаттың сөзінше, Ақлима Ертайқызы “өзінің істегенін” мойындаған. Ол ақша бойынша келісім жасасқан кезде Ерғали Құлбаевпен уағдаластық жасамағанын, оның бұған мүлде қатысы жоғын айтқан.
Құлбаевтың қорғаушысының сөзінше, Ертайқызы ақша сұрағанда Құлбаевпен ешқандай келісім болмаған, белсенді сайлау комиссиясы төрағасынан қаржы сұрамаған. Жәбірленуші тарап та Құлбаевты көрмегенін, онымен жолықпағанын айтты. Десе де, үкімді оқыған судья Ақлима Ертайқызының «біз» деп көпше түрде сөйлеп отыр, сол себепті екеуі бірлесіп қылмыс жасады деген ұйғарымға келген.
Ерғали Құлбаев өзіне тағылған айыппен мүлде келіспеді. Қорғаушысы алдағы уақытта апелляциялық шағым жазатынын, өздерінің позициясын облыстық сотта да, Жоғары сотта да жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Ерғали Құлбаевтың бұл бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуы емес. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін де тұтқындалып, «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыппен бостандығы төрт жылға шектелген еді.
ФОТО: Azattyq Asia