QazNews24 сатиралық паблигінің бұрынғы редакторы Темірлан Еңсебек «Көрінеу жалған мәлімет тарату» бабы бойынша тергеуге шақырылды
Ұлтаралық араздықты қоздыру бабымен 5 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген блогер, QazNews24 сатиралық паблигінің бұрынғы жетекшісі Темірлан Еңсебек Әуезов аудандық полиция бөлімшесіне тергеуге шақырылды.
«Темірланды Qaznews24-ке қатысты қылмыстық іс бойынша тағы да тергеуге шақырып жатыр, дегенмен ол бұл парақшаның редакция жұмысына қаңтардан бері араласпаған. Бұл жолы ҚК 274-бабы бойынша шақырылды, Темірланды тағы үш жылға бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр», — деп жазды Кочнева стористе.
Полицияның хабарлауынша, қылмыстық іс QazNews24 паблигінде жарияланған «Көрінеу жалған ақпарат» бойынша қозғалды. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Еңсебекті куәгер ретінде шақырғанын да мәлімдеді.
1 желтоқсан, дүйсенбі күні, тергеуге барған блогер өзінің үстінен арызды мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жазғанын білді. Мәжіліс депутатына QazNews24 паблигінде жарияланған қай мақаласы ұнамай қалғаны белгісіз. Темірланның қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуынша, тергеушілер оны нақты көрсетпеді. Белгілі болғандай, Еңсебектің қазіргі тергеудегі мәртебесі – қорғануға құқығы бар куәгер.
Темірланның жақтастары ол тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма деген қаупін де білдірді әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларында.
Темірлан Еңсебек сәуір айында бес жылға бостандығын шектеу жазасына тартылып, оған журналистік, қоғамдық саяси қызметпен айналысуға тура сондай мерзімге тыйым салынды.
Бостандыққа шыққан соң Темірлан Еңсебек QazNews24 сатиралық паблигінің редакциясынан кететінін, оған ешқандай да қатысы болмайтынын жариялаған болатын. Одан кейін бұл паблик редакциясы да ары қарай жұмысын жалғастырмайтынын, қысымға байланысты қызметін тоқтататынын мәлімдеген еді. Олай болса, Алматы қалалық полиция департаменті не себепті қылмыстық іс тіркегені белгісіз. Нақты қай жарияланымдарында «көрінеу жалған ақпарат» таратылғаны да айтылмады.
QazNews24 сатиралық паблигінде билікті, шенеуніктерді сынға алатын материалдар жиі жарияланатын. Темірлан Еңсебекті қудалауды билікті сынға алуына байланысты деп мәлімдеді халықаралық ұйымдар оны түрмеге қамаған кезде. Бұл сатиралық пабликке атақты француздық Сharlie Hebdo сатиралық басылымы да қолдауын білдіріп, арнайы мақала жариялады. Еске сала кетсек, бұл басылым осыдан он жыл бұрын материалдары үшін террористік шабуылға ұшырап, бірнеше редакция қызметкері оққа ұшқан еді.
Адам құқығын қорғаумен айналысатын беделді халықаралық ұйымдардың барлығы дерлік Темірлан Еңсебекке араша түсіп, оны қудалауды тоқтатуды, оған тағылған айыпты негізсіз деп тануды талап еткен болатын. Еңсебек те өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сот кезінде оның жақтастарын полиция қамап, әкімшілік жазаға тартқан кездер де болды.
Бұл жолы Темірлан Еңсебекке ешқандай да айып тағылмайды деп үміттенеміз. Себебі, ол басқарған сатиралық паблик жұмысын тоқтатты. Оның өзі ешқандай да журналистік қызметпен айналыспайды. Ал материал жарияламаған адамға қандай айып тағуға болады?
