Олар журналисті Алматы облысындағы колонияға ауыстыруды талап етіп, құзырлы органдарға хат тапсырды.
Журналист, жеті жылға бас бостандығынан айрылған саяси тұтқын Думан Мұхамедкәрімді Алматы облысындағы колонияға ауыстыруды талап еткен бір топ азамат Астанаға барып, құзырлы органдарға арыз тапсырды.
Белсенділер мен заңгерлер Бас прокурордың, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен Президент Әкімшілігінің атына жазылған, Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысына көшіруді талап еткен хаттарды көрсетті.
Олармен бірге журналистің әкесі Алмас Тілепов те болды. Оның айтуынша, Думанның денсаулығы нашарлаған. Бұрын салмағы 90 келі тартса, қазір небәрі 57 келіге дейін түскен. Мұның барлығы аштықтың салдары. Сонымен бірге, Алмас Тілепов Думанның шағымдарына жеке тоқталды. «Балам Алматы облысында орналасқан, өзі тұрғылықты жерге жақын маңдағы колонияға ауыстыруды талап етіп отыр. Қызылорда мекемесінде оған үнемі қысым жасалады. Бұл туралы Думан хат жазып, оны көпшілікке жариялауымызды сұрады. Оның камерасына белгісіз нәрсені лақтырып, жарылыс болды. Бұл жағдайды тексеруді талап еттік. Бірақ, әлі күнге дейін тергеу болмады. Бар болғаны – жергілікті полиция қызметкері келіп, Думанға бірнеше сұрақ қоюмен шектелді. Оның өзі оқиға болған соң екі аптадан кейін ғана келді. Жарылыс 5 қыркүйекте орын алса, тергеуге тек 19 қыркүйекте Думанның наразылығынан соң келген. Міне, осының барлығын қысым ретінде бағалауға болады» деді Алмас Тілепов.
Хат тапсыруға келген заңгер Төден Қасенов былай деді: «Думанды әдейі Қызылорда облысына – туыстары мен құқық қорғаушылардан алысқа жіберілді. Бұдан бөлек, ол жерде климат та өте ауыр». Оның айтуынша, заң бойынша сотталғандар жазасын үйіне жақын орналасқан, тиісті үлгідегі мекемеде өтеуіне құқылы. Мұндай колониялар Алматы облысында да бар екенін ол атап өтті. «Адам өте ауыр жағдайда отыр. Бұл тек денсаулығына емес, өміріне де қауіп төндіреді. Демек, оны дұрыс тамақтандырмайды, яғни қалыпты ас ішуіне мүмкіндік бермейді. Мұны Бас прокуратура тексеруі керек», – деп қорытындылады заңгер.
Белсенділер хат тапсыруға келгенде оларға Есіл аудандық әкімдігі өкілі мен полиция қызметкерлері шығып, «жиналыстарыңыз заңсыз, тарауыңызды сұраймыз, болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарыңызды ескертеміз» деді. Хат тапсырудың қай жерінде заңбұзушылық көргенін құзырлы мекеме қызметкерлері айтпады. Шынында да, бұл азаматтар тек қана арыз тапсыру үшін келді. Митинг өткізбеді. Пикетке шықпады. Қолына плакат ұстамады. Оларды неге жазаға тартады? Түсініксіз жағдай.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Думан Мұхамедкәрімге жасалып жатқан қысым туралы ашық айтқан еді. Қызылордадағы мекемеде оны карцерде ұстап отыр. Салдарынан денсаулығы нашарлап, Думанның өміріне қауіп төніп тұр деді құқық қорғаушылар. Астанадағы құзырлы мекеме басшылығы, әсіресе, Бас прокуратура бұл жағдайға назар аударуы керек деп санаймыз.