Қыркүйек айының алғашқы күндері Қазақстанда құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған екі азамат – белсенді әрі блогер Тимур Данебаев пен кәсіпкер Бекіжан Меңдіғазиев бостандыққа шыққаны белгілі болды. Бұл жаңалық елдегі саяси қудалау тақырыбына тағы да назар аудартты.
Тимур Данебаев 2023 жылы «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айыппен үш жылға сотталған еді. Айыптау тарабы оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен пікірлерін негізге алып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы айтқан сөздерінде «араздық туғызатын элемент бар» деп көрсеткен. Сарапшылар мұны саяси уәж деп бағалады. Сот шешімі шыққаннан кейін Данебаев Атбасар колониясына жөнелтілді.
Алайда сол жерде оған жасалған азаптау қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда белсендіні бірнеше қызметкер жабылып ұрып-соғып жатқаны анық көрінді. Кейіннен оның басынан өткен қорлықтар жайлы өзі де айтып берді: резеңке шоқпармен соққыға жығылғанын, есінен танып қалғанын, басын унитазға тыққанын мәлімдеді. Бұл оқиғадан соң онбір колония қызметкеріне қылмыстық іс қозғалғанымен, сот оларды толық ақтап шықты. Қазіргі кезде прокуратура бұл шешімге шағым түсіріп, істі қайта қарауды талап етуде.
Данебаевтың азапталуы елдегі түрме жүйесіндегі заңсыздықтар мәселесін айқын көрсетті. Қоғам белсенділері оның ісін тек бір адамның тағдыры емес, жалпы құқық қорғау саласының ахуалының айғағы деп бағалады.
Белсендінің колониядан босауы да толық еркіндік әкелген жоқ. Сот шешіміне сәйкес, ол тағы алты ай пробациялық бақылауда болады. Яғни, түнгі сағат 22:00-ден кейін үйінен шыға алмайды, тұрғылықты жерінен кетуіне тыйым салынған. Соған қарамастан, Данебаев бостандыққа шыққан алғашқы күні-ақ өз үндеуін жазып, азаматтарды Көкшетаудағы азаптау ісін қарастырып жатқан сотқа қатысуға шақырды. Оның пікірінше, бұл тек оның емес, көптеген қазақстандықтың құқығы үшін күрес.
Ал Бекіжан Меңдіғазиевке қатысты іс тіпті ертерек басталған болатын. 2022 жылы ол «салықтан жалтарды» және «қылмыстық топ құрамында ақша жымқырды» деген айыптармен бес жыл бір айға сотталды. Құқық қорғаушылар бұл істі саяси астары бар деп бағалап, оны «саяси тұтқындар» тізіміне енгізді. Жақында ол да бостандыққа шықты.
Меңдіғазиевтің қуғындалуын сарапшылар оның ағасы – белгілі оппозициялық саясаткер әрі кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің белсенділігімен байланыстырады. Бекіжанға тағылған айыптардың дәлелі әлсіз болғанына қарамастан, сот оны түрмеге жапты. Бұл жағдай билік оппозицияға қысым жасаудың тағы бір көрінісі ретінде бағаланды.
Осылайша, бір аптаның ішінде екі саяси тұтқынның бостандыққа шығуы құқық қорғаушылар үшін аз да болса оң жаңалық болды. Дегенмен олардың екеуі де толық ақталған жоқ, істің саяси сипаты сақталып отыр. Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдары билікті барлық саяси тұтқындарды босатуға және заңсыз қудалауды тоқтатуға шақыруда.