Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Қазақстан билігін бір жыл бұрын журналистерге шабуыл жасағандарды тауып, жазаға тартуға шақырды.
«Былтыр Алматыда өткен баспасөз мәслихатында журналистерге шабуыл жасаған бірде-бір әйел жауапқа тартылған жоқ. Шабуылдағандар жайлы ақпарат пен дәлел бола тұра тергеу тоқтатылған», – делінген ұйымның Twitter парақшасында.
2019 жылы 22 маусымда Қазақстандық адам құқығын қорғау халықаралық бюросының кеңсесінде өтуі тиіс баспасөз мәслихатына барған Азаттық тілшілері мен ҚазТАГ журналистеріне бір топ әйел шабуыл жасаған. Олар тілшілерге жұдырық жұмсап, журналистердің техникасын сындырған. Бұдан бөлек, әйелдер бюро қызметкерлеріне де шабуыл жасаған.
Аталмыш оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалған. Полиция істі «журналситердің кәсіби қызметіне шабуыл жасау» бабына жатқызудан бас тартқан. Тергеу әлі күнге дейін жүріп жатыр, ешкімге айып тағылмаған.