• Басты
  • >
  • Белсенді Закирова мен "Нұр Отан" мүшесінің шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтады

Белсенді Закирова мен “Нұр Отан” мүшесінің шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтады

21.07.2020

Алматының Алмалы аудандық соты 21 шілдеде 52 жастағы белсенді Санавар Закирова мен “Нұр Отан” партиясының мүшесі 71 жастағы Т.Ш.-нің бір-бірінің үстінен түсірген жеке шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Т.Ш.-ны “тіл тигізді” деп айыптаған Закирова шағымын қайтарып алған. Закированың шағымына қарсы шағым түсіріп, оны ақпарат құралдары арқылы ар-намысқа тиді деп айыптаған Т.Ш. шағымынан бас тартқан.

Сот қаулысын оқыған судья Ернар Қасымбеков тараптардың шағымнан бас тартуын “үлгі боларлық іс” деп атады. Сот отырысы онлайн-форматта өтті. 18 шілдеден бері тергеу изоляторында отырған Закирова отырысқа уақытша қамау изоляторынан қатысты. Бірнеше күн бұрын сот азаматтық белсендіні “бұзақылық ниетпен Алматының 39 жастағы тұрғыны Д.Ш.-ның денсаулығына орташа деңгейде қасақана зиян келтіргені үшін” айыпты деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырған еді.

Сот отырысынан кейін адвокат Жанар Балғабаева дүйсенбі күні Закировамен кездесе алғанын айтты.

“Шағымды қайтару туралы шешімді өзі қабылдады. Мен тек қолдадым” деді Балғабаева.

Ал Т.Ш.-ның қызы әрі оның қорғаушысы болған 39 жастағы Д.Ш. Азаттыққа Закированың шешімінен соң анасының да соған ұқсас шешім қабылдағанын айтты.

Қазір белсенді Санавар Закирова тағы бір сот процесіне қатысып жатыр: Медеу аудандық сотында оның 39 жастағы Д.Ш.-ның үстінен түсірген шағымы бойынша іс қаралып жатыр. Закирова Д.Ш.-ны өзін жарақаттады деп айыптайды. Ал өз кезегінде Д.Ш. да Закированы дәл солайша айыптап, қарсы шағым түсірген.

Д.Ш. мен Закирова 8 наурызда болған оқиғадан кейін сотқа шағымданған. Тараптар бір-бірін “денеге жарақат түсірді” деп айыптайды.

Бұған дейін Д.Ш. шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жеткен. 15 шілдеде Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзе Санавар Закированы бір жылға бас бостандығынан айырды. Үкімнен кейін Закирова изоляторға қамалды. Закирова өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған және үкімді апелляцияға беретінін айтқан.