Оралда “полицияны қорлады” деп айыпталған белсенді Аслан Сагутдинов соты өтіп жатыр. Бұл іс бойынша Батыс Қазақстан облыстық департаменті сотқа шағым түсірген.
Белсендіге Қылмыстық кодекстің 378-бап 1-бөлігі бойынша (“Билік өкілін қорлау”) бойынша айып тағылған. Жәбірленуші ретінде танылған облыстық департамент өкілдері ұстау кезінде белсенді полицияны қорлап, тіл тигізді дейді. Егер сот белсендіні кінәлі деп тапса, Сагутдиновқа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін немесе 40 күнге дейін қамалуы ықтимал.
Сотта куәгер ретінде сөйлеген облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, 7 сәуір күні оны полиция бөлімшесіне апара жатқан кезде белсенді “қарсылық көрсетіп”, “Қалдықтар — Қазақстанның масқарасын шығарды” (“Мусора — позор Казахстана”) деп айтқан.
“Біз тапсырмаға сәйкес, Сагутдиновке шақырту қағазын тапсыру үшін барғанбыз, әкімшілік өндіріс материалы жеткізілгенше онымен бірге учаскелік полицейді күттік. Сагутдиновтің жанына келіп, өзімізді таныстырдық. Ол телефонына бізді түсіріп, арандата бастады. Кетіп қалмақ болған кезде оны ұстадық. Сагутдинов полиция бөлімшесіне апара жатқан кезде агрессия көрсетті” деді экстремизммен күрес жөніндегі басқарманың қызметкері Лесбек Шадияров.
Полицейлер сотта сонымен бірге Сагутдиновтің “хаттаманы жыртып”, бірнеше рет “қашуға тырысқанын” айтты.
Полиция департаментінің өкілі Ғалия Нұрлыбаева сот отырысы кезінде белсендінің барлық полицияға “тіл тигізгенін” айтты. Белсендінің адвокаты “Нақты қандай мүліктік, физикалық немесе моральдық шығын келді?” деп сұрап еді, жауап берген жоқ.
Аслан Сагутдинов Азаттық тілшісіне өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, істің “қолдан ұйымдастырылғанын” жеткізді.
Белсендіні полиция 7 сәуірде ұстап, изоляторға қамаған. Ертесінде Сагутдинов “Пульс города” аймақтық басылымының бұрынғы қызметкері Дана Дүйсекенованың шағымы негізінде үш күнге қамалды. Дүйсекенова оны “жұрт алдында масқаралады” деп айыптаған. Кейінірек белсендінің үстінен екі қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Бұған дейін “Билік өкіліне бағынбау” бабы бойынша ашылған іс қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылған.
Белсенді, блогер Аслан Сагутдинов былтыр “бос плакатпен” акцияға шығып, ол туралы қазақстандық қана емес, халықаралық БАҚ жазған.