• Басты
  • >
  • Макс Боқаев неге қатаң режимге ауыстырылды?

Макс Боқаев неге қатаң режимге ауыстырылды?

06.02.2018

Макс Боқаевқа қатысты соңғы заңсыздықтар туралы баспасөз мәжілісі спикерлері оның қорғаушысы Айман Омарова, бюро жетекшісі Евгений Жовтис және «Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі, дәрігер Бақыт Түменова айтып берді.

Қорғаушысының айтуынша, түрме басшылығы Макс Боқаевтың жаттығу жасаудан бас тарқанын желеу етіп, оны қатаң режимге ауыстырған. Ал негізінде, өзінің денсаулық жағдайына байланысты М.Боқаевқа суыққа шығуға дәрігерлер тиым салған. Адвокат А.Омарова Боқаев жаттығуды жасаудан бас тарпаған, тек 25 градустық суықта денсаулығына байланысты далада жасаудан бас тарқан. Өз камерасында жасаған. Бірақ, саяси тұтқынның денсаулық жағдайы қаперге алынбастан ол қатаң режимге ауыстырылған.

Қорғаушының айтуынша, бұл әдейі жасалып отырған құйтырқы іс. Себебі, ондай жағдай барлық саяси тұтқындарға пайдаланылады. Әр-түрлі сылтаумен тәртіпті бұзды деген ескертулерді көбейтіп, М.Боқаевты бұдан да қатаң режимді түрмеге ауыстыру жоспары бар ма деп болжайды.

Ал аязда жаттығу жасау режимін Евгений Жовтис халықаралық заң нормаларына қарсы деп ата өтті. Оның айтуынша, адамды бостандығынан айырудың өзі жаза, ал онымен қоса оны өз еркінен тыс қандай да іске мәжбүрлеу, қорлауға тең. Сондықтан, ол жаттығулардың денсаулық пен психологиялық жағдайға тек кері әсері боларын айтты.

«Жаттығуға, қандай да физикалық іске әскерді міндеттеуге болады. Себебі, әскерге әдетте 27 жасқа дейінгі, тиісті медициналық тексеруден өткен, жарамды деген азаматтар барады. Ал түрмеге түскен адамның барлығының денсаулығы ондай мәжбүрлі жаттығуға жарамды деген сөз емес. Сондықтан, бұл еш заңдылыққа жатпайды», – дейді Евгений Жовтис.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі жуырда Макс Боқаевтың туыстарының келгенін, оның барлық тексерулерінің қорытындысы қолында екенін айтып, 25 градустық аязда жаттығу жасауға болмайтынын, денсаулығы ушығып кетуі мүмкін екенін жеткізді.

«Макс Боқаевта екі бірдей созылмалы ауру бар – остеохандроз  және гепатит С. Ондай диагноздармен арнайы тағам режимі және саулық гимнастикасы жасалуы тиіс. Бірақ, түрме жағдайында ол әрине мүмкін емес. Сондықтан, ең болмаса 25 градус аязда жаттығу жасауға мәжбүрлемей, оны жайына қалдырса деймін. Себебі, М.Боқаевқа суықтауға болмайды», – дейді Б.Түменова.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис М.Боқаевтың қатардағы тұтқын емес, саяси тұтқын екенін еске салып, ендігі мақсат оған қатысты болған барлық заңсыз істерге қарсы шағым жазып, оны қатаң режимнен шығару екенін айтты. Сонымен қатар, Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот шешімінің саяси негізі бар, заңсыз екенін барлық халықаралық құқыққорғау ұйымдары Қазақстан билігіне ескерткенін, оларды босатуды талап еткенін еске салып, саяси тұтқындардың бостандығы үшін күрес жалғасатынын айтты.

 


Пікір үстеу