• Басты
  • >
  • Адам құқығы жөніндегі Бюроның ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған үндеуі

Адам құқығы жөніндегі Бюроның ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған үндеуі

30.08.2020

Біз айтулы дата – қолданыстағы Конституцияның 25 жылдығы – билік пен оған көңілі толмайтын адамдар арасындағы өркениетті диалогты бастауға ыңғайлы сәт болады деп санаймыз. Беларусьтегі жағдай өз халқын тыңдауды білмейтін биліктің қоғам тарапынан қарсылық пен бағынбау қауіпіне тап болатынын көрсетті.

2020 жылдың 30 тамызында жалпы халықтық референдум арқылы Қазақстан Республикасының екінші негізгі Заңының қабылданғанына 25 жыл толады. Оған бұған дейін бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді және әлі күнге дейін қолданыста.

Бұл Конституцияның қандай саяси жағдайда қабылданғаны біздің есімізде. Ол кезде екінші шақырылымдағы парламент таратылып, мемлекет бес ай бойы өкілді биліксіз қалған.

Демократиялық стандарттар мен адам құқығын қорғау тұрғысынан 1995 жылғы Конституцияны оның алдындағы 1993 жылғы Конституциямен салыстыратын болсақ, ол президенттік-парламенттік республикадан супер президенттікке ауыстырылған қазіргі қолданыстағы Негізгі Заңның пайдасында емес екені біздің есімізде. 

Бұған қосы, 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары антидемократиялық құрылымды күшейткен, дәл осы Коституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар да біздің есімізде. Президенттің билік басында болу мерзіміне қойылатын шектеулерді алып тастауға байланысты енгізілген өзгертулер, Конституция арқылы  тұңғыш президентке «елбасы» атағын беру, оның есімімен әуежай, астана аттарын атау – жеке басқа табыну. Бұған өркениетті елдердің өмірі мен Конституциясында жол берілмейді.  

Біз бұған дейін айтқанбыз және тағы қайталаймыз: Осы сияқты демокаратияға, заң алдындағы азаматтар теңдігі принципі мен заманауи билік тармақтары және жүйе тепе-теңдігіне кереғар  жағдайлар Конституциядан алынып тасталуы қажет.

Бұл билік транзиті кезінде елдің 1993 жылы қабылданған бірінші Конституцияның демократиялық принциптеріне немесе заманауи демократиялық Қазақстанның жаңа Конституциясын жазуға жасалған алғашқы қадам болар еді.

Біз қазіргі қолданыстағы Негізгі Заңда адам құқықтары мен азаматтар бостандығы туралы тараудың болуына байланысты, Қазақстанның екі Конституциясына да құрметпен қараймыз. Бұл бөлікте біздің сын-талаптарымыз Конституция мәтініне ғана емес, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың адамдардың саяси құқықтары мен азаматтық бостандықтарына қатысты ашық репрессиялық әрекетіне сәйкес келмейтін оның адам құқығы туралы ережелердің декларативті сипатына да қатысты.

Негізгі Заңда көрсетілген құқықтар мен бостандықтар туралы заң кейбір жағдайларда профильдік заңдармен мүлде расталмайды. Ал басқа жағдайларда ол азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруына кедергі жасайтын етіп бұрмаланған (бұған ең жарқын және жақын уақытта болған мысал – бейбіт жиындар туралы заңның қабылдануы).

Осыған байланысты Конституцияның 25 жылдығын атап өтуді Негізгі Заң мен профильдік заңдардың құқықтар мен бостандықтарға қатысты бөлігін реформалаудан бастаған дұрыс. Алайда бұл максимум бағдарлама, ал саяси бағдарламаның минимумы саяси тұтқындарды босату қадамы болар еді.

Билікпен келіспей түрмеде отырған адамдарды босату, биліктің өзінің саяси қарсыластарымен келісімге келудің жолын іздеуі және қазіргі қоғам сынайтын жүйені реформалауға дайын екендігінің көрінісі болар еді. Бұл Қазақстан қоғамына Конституцияның 25 жылдығына арналып жасалған ең жақсы сыйлық болар еді.

Біз ҚР президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолында бар өкілеттікті пайдалана отырып,  шешім қабылдап, оны айтулы датадан кейін бірден жүзеге асыруға шақырамыз.

29 тамыз 2020 жыл.  


Сондай-ақ қараңыз