• Басты
  • >
  • Қазақстандағы адам құқығы: құжатта бар, іс жүзінде жоқ

Қазақстандағы адам құқығы: құжатта бар, іс жүзінде жоқ

13.10.2021

Қазақстанда сөз бостандығы мен ұйымға бірігу құқығы қаншалықты сақталады, оларды шектейтін кім? Адам құқығы күніне орай Бюро ұйымдастарыған вебинарлар тізбегінің екінші отырысында осы мәселелер талқыланды.

8 қазан күні «Қазақстан адам құқығы тұрғысынан. Адам құқығы және құқыққорғаушылар» атты вебинар өтті. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі Бюро Адам құқығы күніне орай Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ қаржылай қолдауымен осындай вебинарлар тізбегін өткізуде.

Жиында талқыланған алғашқы тақырып – сөз бостандығы. Бұл тақырыптағы бас спикер «Vласть» баспа үйінің бас директоры Вячеслав Абрамов болды. Оның сөзінің тоқетері, көпжылдық тәжірибе нәтижесінде елімізде Ата заңмен бекітілген сөз бостандығына кепілдік сол заң күйінде қалып қойған, іс жүзінде азаматтардың сөз бостандығына құқығы шектеледі. Абрамовтың айтуынша, аталған құқықты шектеудегі желеулер мүлде заңсыз, кей жағдайда тіпті абсурдты. Жекелеген тәуелсіз журналистер үшін жасалған шектеу заңдар да бар.

Абрамов 2019 жылға қарағанда жағдайдың аз да болса жақсарғанын, қазір ең болмаса сайттарды жаппай блоктау практикасы азайғанын айтады. Алайда, қуануға ертерек, себебі, сол «Власть» сайты сайлау күні көптеген DDOS шабуылдардың кесірінен істен шыққан. Тәуелсіз БАҚ-қа сол күні кімнің шабуылдағаны айтпаса да түсінікті.

Спикердің айтуына қарағанда, мемлекет медиа нарығының дербес бизнес ретінде дамымауы үшін де барлық жағдайды жасаған. Мәселен, шетел азаматтарына 20 пайыздан астам үлес алуға болмайды. Ал мемлекеттік қаржыландыруға еш шектеу жоқ. Сондықтан, қазір мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат алып, күнін көріп отырған көптеген медиаға цензура орнатудың да қажеті жоқ, жеп отырған нанынан айрылып қалмас үшін өздері-ақ үкіметке қарсы бір сөз айтпайды, жазбайды.

«Мемлекет медианы құрықтаудың керемет әдісін тапты. Ол әрине, ақша. Мемлекеттік ақпараттық сатып алу атты арнайы жоспар жасалған. Енді соның аясында медиа өкілдерімен келісіп, олардың мақтауын, ең болмаса сынамауын бюджет ақшасымен сатып алып отыр», – дейді Абрамов. Жыл сайын бұл саладағы жарнама айналымы 40 млрд. теңге екен, ол қаражат та жоғарыда айтылған принципке сай бөлінеді. Тәуелсіз БАҚ-қа жарнама берушілер некен саяқ.

Осы тұста Абрамов өте жақсы мысал келтірді. Көрші, демократиялы Моңғолияда бұл сала заңдағы бір сөйлеммен ғана реттеліп отыр екен. Яғни, Ата заңдағы «цензураға тиым салынады, сөз бостандығына кепілдік беріледі» деген. Арнайы министрлік те, мемлекеттік тапсырыс та, басқа да жоқ. Тек заң сақталады, болды. Болашақта біз де сондай нәтижеге келмей, сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистиканың күйі осы мүшкіл күйінде қала бермек дейді Абрамов.

Жиында талқыға түскен келесі тақырып, азаптаудан азат болу құқығы. Өкінішке орай бұл құқықтың сақталуында да елімізде үлкен мәселелер бар. Азаптау туралы жазылған арыздың тек екі пайызы сотқа дейін жетеді екен. Осы статистиканың өзі жағдайдың қандай деңгейде екенін сөзсіз көрсетіп тұр.

Адам құқығы жөніндегі Бюро Шығыс Қазақстан облысы бойынша бөлімше директоры Қуат Рахимбердиннің пайыдауынша, осыдан он жыл бұрын азаптауға қарсы ашық соғысқа шықтық деген Қазақстан, қазір ол соғыста ойсыра ұтылуда. Себебі, жылдан жылға азаптау туралы ақпарат артпаса азаяр емес.

Оның айытуынша, азаптау барлық жабық мекемелерде және уақытша ұстау изоляторларында бар. «Отыз жалда Қазақстанда жекелеген топтарға арналған арнайы түрмелерді былай қойғанда, бір де бір халықаралық стандарттарға сай келетін түрме салынбаған. Көрші Ресейде жуырда азаптау фактілері түсірілген жүздеген видео ашық ақпарат көздеріне түсті. Мен айтар едім, біздегі жағдай одан артық емес», – дейді Рахимбердин.

Қазақстанда бары да, жоғы да белгісіз үшінші құқық, ұйымға бірігу құқығы туралы белгілі құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаев айтты.

Оның айтуынша, бұл құқықтың халықаралық сипаты өте қарапайым, ал біздің еліміздің жағдайында өкінішке орай бәрі қарапайым әрі заңды емес. Бұл құқық заң жүзінде де, практикада да түрлі кедергілерге ұшырайды. Сонымен қатар, бұл құқық сақталуында дискриминацияға жол берілгенін де атап өтті. Мәселен, бизнеске қатысты ұйымды тіркеу он минут, үкіметтік емес ұйымды тіркеу апталарға, айларға кей жағдайда жылдарға созылуы мүмкін. Онда да тіркеледі дегенге кепілдік жоқ.

«Сонда Қазақстанның азаматтарын мемлекет өз қолымен екіге бөліп отыр», – дейді Шорманбаев. Егер үкіметтік емес ұйым тіркеген жағдайдың өзінде, ұйым жұмысына мемлекет араласпайды дегенге кепілдік жоқ дейді спикер. Яғни, вебинар тақырыбына өзек болған үшінші мәселе бойынша да біздің елде жағдай мәз емес.   

«Ұйымға бірігу бостандығы бойынша Қазақстан заңнамасы халықаралық стандарттарды қамтымаған. Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімшарттар да осы құқық аясында оырндалмай отыр», – дейді Шорманбаев.

Сарапшының пікірінше, бұл құқық сақталуы үшін көп іс жасаудың қажеті жоқ. Тек қана, міндетті тіркеуді заңнан алып, ескерту формасын енгізу керек.

Адам құқығы күніне орай вебинарлар тізбегінің келесі, үшінші отырысы 22 қазан, 10 қараша, және қорытынды форум 10 желтоқсан күні өтеді.

Вебинарлар ОБСЕ платформасында, Zoom арқылы өтеді. Келесі вебинар туралы ақпаратты сілтеме бойынша біле аласыз ОСЫ ЖЕРДЕН.


Сондай-ақ қараңыз