• Басты
  • >
  • Назарбаевтың «Ар-Беделі» қанша тұрады?

Назарбаевтың «Ар-Беделі» қанша тұрады?

24.11.2021

Назарбаевтың намысын қорғап, саяси белсенділер мен журналистерді сотқа сүйреп жүрген «Ар-Бедел» қоғамдық қорының құрылтайшысы болып табылатын ОО «Штаб JE SKO» ұйымы мемлекеттік тапсырыстың тұрақты қатысушысы әрі жеңімпазы екен. Мемлекеттік тапсырыс порталының мәліметіне сай ұйым жалпы сомасы 125 миллион теңгеге жуық мемлекеттік тапсырыс алған. Ал ұйымның бірінші басшысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінінің прапорщигі.

Өздерін құқыққорғау ұйымы деп атайтын «Ар-бедел» қоғамдық қоры кезекті саяси белсендіні, Нұрсұлтан Тастаевты «Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-беделіне нұқсан келтірді» деген желеумен сотқа берді. 18 қараша күні алғашқы сот отырысы болып, ұйым белсендінің фейсбук парақшасында билікке, оның ішінде елбасына тіл тигізіп отыратынын, соған тиым салуды талап еткені белгілі болды. Келесі сот отырысы 29 қараша өтуі тиіс.

Бұл аталған ұйымның белсенділерді алғаш рет сотқа сүйреуі емес. Бұған дейін де ұйым БАҚ беттерінде ұқсас сот бастамаларымен белгілі болған. Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуір айында саяси белсенді Амангелді Жахинді де ұқсас арызбен сотқа тартқан. Баяғы сол фейсбуктағы парақшасындағы жазбалары Назарбаевтың ар-беделіне нұқсан келтірді деп.

2021 жылы елбасының намысын қорғап аталған ұйым тағы екі саяси белсендіні, Айжан Акишева мен Жұлдызай Фордты да сотқа берген.

Соған қарағанда, ұйым Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының ар-беделін қорғау үшін құрылған ба дерсің.

Өз еркілерімен, аса сүйіспеншілікпен қорғап жатса өз еркі ғой, анықтағанымыздай, олардың елбасына «ыстық махабаты» біздің қалтамыздан, бюджет қаржысынан өте мәрт төленеді екен.

Мемлекеттік тапсырыс сайтының мәліметіне сай бұл ұйымның құрылтайшысы болып табылатын ұйым тұрақты түрде мемлекеттік тапсырыс алып тұрады. Мемлекеттік тапсырыс порталының мәліметіне сай, тапсырыс беруші негізінен әр-түрлі облыстардың ішікі саясат басқармалары.

Тағы сол ашық дерек көздеріндегі ресми мәлімет ұйымның жылдық табысы 260 миллион теңгеге жуық екенін жазады. Үкіметтік емес ұйым үшінөте қомақты табыс. Елбасының намысын қорғау өте табысты бизнес болғаны ғой.

Айтпақшы, кейде ұйым елбасының намысын әр-түрлі мемлекеттік органдар атынан да, ресми сенімхат арқылы қорғайды. Мәселен, биыл Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының сенімхаты негізінде Exclusive.kz интернет-порталын сотқа беретіндерін жариялаған.

Ол «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысы туралы журналистік тергеу нәтижелері бар басылымдарды алып тастауды талап етеді.

Атап айтқанда, Қор «Ұлттық буржуазия «ағашкаларға» соғыс жариялады» және «Елбасы неге Абаймен ұрыспады» жарияланымдарын жоюды және жоққа шығаруды талап еткен.

Ұйымның тіркеу құжаттарына сай жетекшісі ретінде Уварова-Патенко Наталья Витальевна көрсетілген. Аталған ханымның өмірбаянына сай нағыз «спортсменка, отличница, комсомол» дерсің. Негізгі мамандығы заңгер, қаржы саласы бойынша PhD докторант, жүзу спорты бойынша спорт мастері, ал бастысы әскери міндетті Қазақстан Републикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінінің прапорщигі екені көрсетілген.


Сондай-ақ қараңыз