• Басты
  • >
  • Әскер қатарына алынған белсенді Әлімжан Ізбасаров психикалық денсаулық орталығына жатқызылды

Әскер қатарына алынған белсенді Әлімжан Ізбасаров психикалық денсаулық орталығына жатқызылды

15.04.2020

2019 жылдың маусымында әскер қатарына алынған белсенді Әлімжан Ізбасаров психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.

Белсендінің анасы Жаухаз Теміртасқызының айтуынша, ұлы Әлімжан Ізбасаров «депрессиялық эпизод» диагнозымен Тараз қаласындағы психикалық денсаулық орталығына жатқызылған. Оның терең күйзеліске түсуіне әскери бөлім қызметкерлері тарапынан жасалған қысым себеп болған.

«Әлімжан сәуірдің 3-і күні маған телефон соғып, «көктемде әскерге шақырту болмағандықтан бізді қысқа дейін қалдыратын шығар. Мама мен саған айтайын, қысқа дейін мен шыдай алмаймын. Мына жақта менің мазамды алып жатыр. Майор Ізімбетов екі ай болды менің жүйкемді құртты. Сержанттар тисе береді», – деді. Оның алдында басы ауырды. Невропатологқа барғанда ол «күйзеліс салдарынан ми тамырларының тарылуы» деген диагоноз қойды. Сонда оны аналар әдейі күйзеліске түсірген», – дейді Жаухаз Теміртасқызы.

Жаухаз Теміртасқызы ұлымен телефон арқылы сөйлескенін, тілдесу барысында оның дауысы дұрыс  болмағанын айтады. Теміртасқызының сөзінше, қазір дәрігерлер Әлімжан Ізбасаровқа ауыр психикалық препараттар беруде. Олардың кейбіреуінің кері әсері суицидке апарып соқтыруы мүмкін.

Бұдан бөлек, Жаухаз Теміртасқызы Әлімжан Ізбасаров борышын өтеп жатқан 55/13 әскери бөлімінің қызметкерлерімен де сөйлескенін мәлімдеді. Олар Әлімжанға «ауыр депрессия», «суицидтік мазасыздық» диагнозы қойылғанын айтқан.

«Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары Қасымов Дамир және медициналық бөлім бастығы, майор Тұрғымбаевамен сөйлестім. Олар оған (Әлімжан Ізбасаровқа – ред) «ауыр депрессия» және «суицидтік мазасыздық» деген диагноз қойылғанын айтты»,- дейді Теміртасқызы.

Әлімжан Ізбасаров 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында болған наразылық акцияларына қатысып, бірнеше рет ұсталып, қамалған. Былтыр оны қарсылық акциясынан кейін әскерге шақыртып, маусымның 5-і күні борышын өтеуге аттанған. 


Сондай-ақ қараңыз