• Басты
  • >
  • Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды

11.03.2024

Фото: Спутник

Астанада экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты басталды. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, залға журналистер кіргізілмей, процесті басқа залдан бақылаған. 

Жұбайы Салтанат Нүкенованы «аса қатігездікпен өлтірді» деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Құлбаева қарауда. 

Сотта Қуандық Бишімбаевтан бөлек, оның туысы, «Гастроорталық» директоры Бақытжан Байжанов жауапқа тартылуда. Оның үстінен «Қылмыс туралы хабарламау» және «Жасыру» баптары бойынша айып тағылған. 

Алдын ала сот тыңдауына Салтанат Нүкенованың ағалары Айтбек Амангелді мен Қайрат Нүкенов, Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова қатысқан. 

2023 жылы 9 қарашада Қуандық Бишімбаевтың Астанадағы ресторандардың бірінде әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтіргені жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен оның үстінен ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі «Азаптау» және 99-бабының 2-бөлігі «аса қатігездікпен адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оған кешірім берген. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты түрде қамаудан шыққан.


Сондай-ақ қараңыз