• Басты
  • >
  • Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлын полиция ұстады

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлын полиция ұстады

09.03.2024

9 наурызда саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы полиция ұстады. Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдарханова хабарлады.

Саясаткердің жұбайы Маржан Аспандиярованың айтуынша, ұстау кезінде полиция дөрекі күш қолданған. 

– Өте жаман жағдай! Полиция бізді қатты күш көрсетіп, алып кетіп бара жатыр. Рысбек ағаларыңызға қатты күш қолданды. Бұлар шектен шығып кетті! Қан қысымы көтерілді! Өте қиын жағдай болып тұр. Көмек көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сұмдық! Бассыздық!, – деп хабарлады Маржан Аспандиярова.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің хабарлауынша, Рысбек Сәрсенбайұлы мен Маржан Аспандиярованы ұстау кезінде полиция өте дөрекі күш қолданған. 

«Сәрсенбайдың қан қысымы 300-ге жеткен. Телефонын тартып алған. Адвокат керек» деп хабарлады Аспандиярованың сөзіне сүйенген Жовтис. Бұған дейін полицияға адвокат Айнара Айдарханованың бара жатқаны хабарланған. Әзірге ұсталған азаматтардың денсаулығы жөнінде ақпарат жоқ.

Азаттыққа келіп түскен видеода Маржан Аспандиярова полицияның өздерін таныстырмай, құжаттарын алыстан ғана көрсеткенін, не үшін алып кетуге келгенін түсіндірмей, сүйрелеп, дөрекі күш қолданғанын айтады. 

– Жедел жәрдем көлігі келіп еді, бірақ оларға көмектесуге мүмкіндік бермеді. Бұл бассыздық! Заңсыздық!, – дейді Маржан Аспандиярова. 

Видеода көліктің артқы жағында полиция қызметкерлерінің Рысбек Сәрсенбайұлын екі жақтан ұстап отырғаны көрінеді. 

Рысбек Сәрсенбайұлын полиция басқармасынан жедел жәрдем Талғар аудандық орталық ауруханасына алып кеткені хабарланды.

Талғар полициясы әзірге түсініктеме бермеді.


Сондай-ақ қараңыз