• Басты
  • >
  • Жақиянов ар намысын қорғап шықты

Жақиянов ар намысын қорғап шықты

06.03.2024

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Павлодар облысының бұрыңғы әкімі Ғалымжан Жақиянов ар-намысын сотта қорғап шықты. Кейбір ақпарат құралдары түрлі құйтырқы себептермен «Жақиянов сөз бостандығына қарсы шықты», «экс-әкім журналистерді сотқа берді» деп жерден жеті қоян тапқандай жалған сөзді жаппай таратып жатқаны мәлім. Сондағы таққан айыптары – Ғалымжан Жақиянов «Адырна» порталын сотқа берді, осылайша журналистерді қудалап жатыр-мыс дегісі келеді. Ал шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша екенін соттың шешімінен анық көруге болады. Алатау аудандық сотының қаулысына сәйкес, Жақияновтың бұрынғы бизнес әріптесі Мәжілістің экс-депутаты Төлен Тоқтасыновтың «Адырна» порталында айтқан уәжі мен сөзі жалған болып шықты.

Одан бөлек Тоқтасыновтың «Адырна» порталына берген сұхбатында келтірілген біраз сөздердің өтірік екенін, ақиқаттан алшақ жатқанын сот ресми түрде растады. Оның барлығын Жақиянов құр сөзбен емес, нақты мәліметтермен, құжаттармен және куәгерлердің деректерімен дәлелдеп шықты. Енді Алатау аудандық сотының қаулысына сәйкес, «Адырна» порталы Youtube желісінде жарияланған Тоқтасыновпен сұхбатты өшіруі керек, ал экс-депутат өзінің жалған сөйлегенін мойындап, бейне үндеу жариялауы тиіс. Одан бөлек, Тоқтасынов бірқатар сот шығындарын да өтеуі тиіс.

Ал енді бұл жағдайдан журналистерді қудалауды біз көріп тұрған жоқпыз. Біріншіден, Тоқтасыновқа өз шындығын жеткізуге ашық сот процесінде мүмкіндік берілді. Бірақ, нақты құжаттарды, дәлелдерді экс-депутат көрсете алған жоқ. Екіншіден, «Адырна» порталына ешқандай да қысым жасалған жоқ. Одан ондаған миллион өтемақы талап еткен Жақиянов болды ма? Билік бір кездері оппозициялық басылымдарды ондаған, тіпті жүздеген миллион өтемақы төлеуге мәжбүрлеп, сол арқылы жауып тынатын. «Адырна» порталы Жақияновқа бір тиын да төлеуге міндетті емес. Бар болғаны – жарияланған материалды өшіруі тиіс. Себебі, келтірілген мәліметтер жалған, шындыққа жанаспайды. Үшіншіден, Жақиянов журналистерге қысым көрсететіндей құзіреті бар жоғары лауазымды шенеунік пе еді? Жоқ, әрине. Оның биліктен кеткеніне 23 жыл болғанын жұрт біледі. Оған билік лауазым бермек түгілі, біраз жыл қудалауға салды, түрмеге отырғызды.

Қазір белгілі кәсіпкер, тәуелсіз қоғам қайраткер екені баршаға аян. Жақияновтың ешқандай да әкімшілік ресурстары жоқ. Олай болса, ол «Адырна» журналистеріне қандай қысым көрсете алады? Бұл тіпті миға қонбайтын сөз ғой! Төртіншіден, Жақиянов Тоқтасынов пен «Адырнаны» сотқа берсе, демек, өзінің ар-намысын, беделін қорғауға дайын, ақиқат өзінің жағында екеніне сенімді деген сөз. Жасыратыны болса, жалған сөйлесе, олармен соттасар ма еді? Жоқ, әрине. Демек, айтар аргументі де, келтірер уәжі де жеткілікті дегенді білдіреді. Азамат ретінде, белгілі қайраткер ретінде өзінің ар-намысын заңды жолмен қорғауға толық құқығы бар емес пе? Айтпақшы, бұл Төлен Тоқтасыновтың соттағы алғашқы жеңілісі емес. Оған былтыр да жала жабу ісі бойынша әкімшілік сот оны айыпты деп таныған еді. Алматы соты ол кезде былай деп жазды:

«Т.М.Тохтасынов 2023 жылы 2 қаңтарда «Youtube» əлеуметтік телекоммунакация желісін пайдалана отырып, жарық көрген «Adyrna Ulttyq Portaly» сұхбат беру барысында адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен жəбірленуші Г.Б.Жакияновтың беделін түсіретін көрінеу жалған мəліметтер таратқан».

«Біздің елде әділ сот жоқ, оның шешіміне қалай сенеміз?» деп сұрақ қоюыңыз да мүмкін. Әрине, саяси тапсырыс болған жерде сот әділдік қағидасына емес, биліктің бұйрығына бағынып жатады. Бірақ, қазір Жақиянов та, Тоқтасынов та билікте емес. Бар гәп, біздің ойымызша, Тоқтасынов ақпарат кеңістігіне шығып, бұрынғы серігін қаралап, сол арқылы Жақияновқа қысым көрсетуге бекінуінде болған сияқты. Бірақ, Ғалымжан Жақиянов оған көнбеді. Өзінің ақ екенін толық дәлелдеп шықты.Бір айта кетерлігі, Алатау аудандық сотының қаулысына әлі апелляциялық шағым түсіруге болады. Алматы қалалық сотында қаралатын процесті біз де қадағалаймыз.


Сондай-ақ қараңыз