• Басты
  • >
  • Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің ісі: Сот күдікті Аман Жұманды ақтады

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің ісі: Сот күдікті Аман Жұманды ақтады

16.11.2023

15 қарашада Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты процесте үкім оқыды. Судья Нұркен Жексембаев іс бойынша күдікті деп танылған әскери Аман Жұманды ақтап, Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды жауапқа тарту бойынша жеке қаулы шығарды. Сот жабық өтті. Журналистер үкімге қатыстырылмады. 

– Менің айтатын сөзім жоқ, тек эмоция ғана. Бір сөзбен айтқанда адам өлтіргендерді ақтады. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарының барлығына жүгінеміз. Қазіргі таңда шындық жоқ, әділдік жоқ. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы атып, өлтіріп тастайды. Бірақ істе қылмыстық құрам жоқ деп жауып тастап отыр, – деді Айдос Мелдехан соттан шығып, журналистер сұрағына жауап бергенде. 

Адвокат Жанғазы Күнсеркин соттың Айдос Мелдеханды жауапқа тарту бойынша жеке қаулы шығарғанын айтып. Сот үкімін қолына алмағанша ешнәрсе деп айта алмайтынын айтты. 

– Өкінішке орай Арман Жұманды ақтады. Біз оны не себепті ақтағанын қазір білмеймін. Жақын күндері үкімді қолыма аламын. Сол кезде соттың не себепті осындай парадокс шешімге келгенін білетін боламыз. Айдос Мәлдеханды жауапкершілікке тарту жөнінде жеке қаулы шығарылды. Оның да негізін білмеймін. Апелляциялық шағым береміз, – деді Күнсеркин. 

Бұған дейін Арман Жұманның қорғау тарапы сотқа Айдос Мелдеханның өзін ҚР ҚК 119-бабы «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша жауапқа тартуды сұрап, өтінішхат түсірген. 

Прокурор соттан Арман Жұманды кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленуші Айдос Мелдехан сол уақытта Masa Media тілшісіне прокурордың сұраған жазасымен келіспейтінін айтқан. Ол іс бойынша куәгер болып өткен бес әскери қызметкерді де қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін мәлімдеген. 

– Бұнымен біз әрине келіспейміз. Қару қолданған қылмыскерлер куәгер ретінде әлі де бостандықта жүр. Оларды жауапкершілікке тартып жатқан жоқ. Біздің өтінішхаттарымызды қабылдап жатқан жоқ, – деген Айдос Мелдехан.

Күдікті Арман Жұман журналистерге өзінің кінәсіз екенін айтқан. Ол Айкөркем мінген көлікке емес, басқа машинаға оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеген. 

– Бұл жерде менің кінәм жоқ. Мен кінәлі емеспін. Мен ол Фольксваген Пассаты көрген де жоқпын. [Атуға] бұйрық бергенде мен Хюндай яндекске бердім. Бұл кісінің машинасын көрген де жоқпын, – деген Арман Жұман. 

Іс басынан аяғына дейін жабық өтті. Журналистер мен бақылаушылар процеске кіргізілмеді. Сот өзінің бұл шешімін «істе мемлекеттік құпия деректер бар болуымен» байланыстырды. Оған жәбірленуші тарап, Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан қарсылық білдірді. Бірақ процесс сол күйінде жабық өтті.

Күдікті Аман Жұманның үстінен іс “қызметін асыра пайдалану” бабы бойынша қозғалған. Жәбірленуші тарап оны “Адам өлтіру” бабына ауыстыруды сұраған. Бірақ ол да өзгеріссіз қалған.

Тергеу барсында Айдос Мелдехан Masa Media тілшісіне полицияның оқ атылған көлік ішінен табылған Айкөркемнің бас сүйек сынықтарын жоғалтып жібергенін айтқан. Ол сүйектер сол күйі табылмаған. 

 – Айкөркемнің бас сүйегінің сынықтарын маған қайтарып берсін. Ол істе тіркелген. Фотолары да бар. Сол күйі қайтарған жоқ. «Жоғалтып алдық» дейді, болды. Кім, қалай жоғалтты, ешқандай жауап жоқ. Осы күнге дейін ешкім жауап берген жоқ, – деген Айдос Мелдехан 24 тамызда өткен сот отырысынан кейін сөйлеген сөзінде. 

Қанды Қаңтар кезінде Айкөркем мінген көлікке әскерилер оқ атқан. Салдарынан бүлдіршін қаза тауып, ағасы мен 16 жастағы әпкесі жараланған. 


Сондай-ақ қараңыз