• Басты
  • >
  • Жоғары сот Қаңтар бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Жоғары сот Қаңтар бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

16.10.2023

Қаңтарда «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың үкімін Жоғары сот өзгеріссіз қалдырды. 16 қазанда өткен сот процесінде адвокат Жалғас Сапарханова мен Ержан Жұманов (Ербол Жұмановтың ағасы) сот алқасынан Ербол Жұмановты ақтауды сұрап, өтінішхат түсірді. Бірақ сот алқасы оны қанағаттандырмады. Сот процесіне Ербол Жұмановтың өзі қатыстырылмады. 

Сот алқасы БАҚ өкілдеріне процесті фото-видеоға түсіруге рұқсат берген жоқ. Тек аудио жазуға мүмкіндік берді. 

28 сәуірде Тараз қалалық сотының судьясы Қадірбек Нұржан Ербол Жұмановты ҚР ҚК 291-бабының 3-бөлігі 4-тармағы, 24-бабының 3- бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі, 380-1- бабының 2-бөлігі 2,10-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырған. 17 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасының судьясы Нұрмұхаммат Абидов үкімді өзгеріссіз қалдырған. 

Бірінші сатыдағы сотта судья үкімді оқып жатқан уақытта Ербол Жұманов соттың әділетсіз өткенін, үкімді тыңдаудың қажеті жоғын айтып, «Тоқаев ешнәрсе өзгерткен жоқ» деп айқайлаған.  

– Әділ бағасын беремін деген, ақиқат осы ма? Тыңдамай ақ қойыңдар (судьяны – ред). оны. «Әділ бағасын беремін, шындықты айтамын» деген, қане шындығы? Барлығы комитеттен (Ұлттық қауіпсіздік комитетінен – ред) қорқады. Түкте өзгерткен жоқ, Тоқаев. Соған сеніп жүрген біз ақымақпыз. 1986 жылы да (халық – ред) қырылды. Не үшін қырылды? Не үшін? Жалғыз өзім қырық адамды қырып кететін болсам, бұлар ертең қалай отан қорғайды? Қалай қорықпайсыздар? Ертең сендердің де туыстарыңа осыны істейді. Бұлар бір-бірімен атысқандарын айта алмайды, резонанс болатын біліп тұр, – деген Жұманов сот залында. 

Ербол Жұманов бірінші сатылы сотта да, апелляциялық сотта да өзіне қысым жасалғанын, тергеу мен соттың әділетсіз өткенін мәлімдеген. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, Қанды Қаңтар кезінде қару-жарақ алғанын растап, ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірмегенін айтқан. 

Ербол Жұмановқа сот үкімі шықпай тұрып, Қанды Қаңтар бойынша сот отырыстары мен қатысушыларының оқиғасын жазу барысында Masa Media тілшісіне сол уақытта қамауда отырған тараздық Ақыт Әділеттің анасы Рабиға Бекпатшаева тергеушілер ұлының үстінен «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді» деп іс қозғамақ болғанын айтқан. 

– Кенжетай Сейфулла менің баламды алып кеткен досы. Сол Кенжетай Сейфулланы 18 күн қамауда ұстады. Ол тергеушілердің «Ақыт Әділетке қарсы «Комитетке оқ атты, комитетке секіріп түсті» деп куәлік бер деп айтқанын беттестіруде айтты. Мен комитетке барғанымда, замкомитетте: «Сіздің балаңыз комитетке секіріп түсті, оқ атты, біздің қызметкерді өлтірді» деп айтты. Мен «дәлеліңіз бар болса көрсетіңіз» дедім. Біреудің баласынан менің баламның жаны артық емес. Егер «менің балам атып өлтірсе, қама» дедім. Бірақ ол кісі қазір мойындамайды ғой олай айтқанын. Оны жүз пайыз біліп тұрмын. Менің баламның мойнына да ҰҚК подполковнигінің өлімін ілмекші болды, – деген Бекпатшаева. 

Қанды Қаңтар кезінде Тараз қаласында ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Дастан Әділбай оққа ұшып, қаза тапқан. 


Сондай-ақ қараңыз