• Басты
  • >
  • Атырауда журналист Олеся Вертинская сотқа қарсы пикет өткізді

Атырауда журналист Олеся Вертинская сотқа қарсы пикет өткізді

08.06.2023

7 маусымда Атырау облыстық соты ғимаратының алдында «Дорожный портал» ақпарат порталының өңірдегі тілшісі Олеся Вертинская әділ сот талап етіп, жалғыз өзі пикет өткізді.

Вертинская облыстық және қалалық сот судьяларының өзіне қатысты екі бірдей шешіміне наразы.

Біріншісі былтырғы «журналиске шабуыл жасау ісіне» қатысты. 2022 жылғы 19 шілдеде Әлібек Меллятов есімді адам көшеде Вертинскаядан көмек сұрағансып, оны көліктен түсіріп, оңаша жерге апарып, ұрып-соққан. Сот биыл наурызда Меллятовты Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп тауып, бір жылға бостандығын шектеді. Жақында облыстық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Журналист апелляциялық шағымын қараған облыстық сот судьясы Алтыншаш Мағзомованың қаулысына және соттың өту барысына мүлде келіспейді. Ол «іс әділ қаралмады, конституциялық құқығым бұзылды» дейді. Вертинскаяның сөзінше, судья соңғы сөз сөйлеуіне мүмкіндік бермеген және отырыс адвокатсыз өткен. Журналистің айтуынша, ол судьяның әрекетіне қарсылық танытқанымен, өтініші қанағаттандырылмаған.

Олеся Вертинская өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметімен, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат таратуымен байланыстырған.

Вертинская наразылық білдірген келесі іс азаматтық тәртіпте судья Зухра Мұқашеваның төрағалық етуімен қалалық сотта қаралған. Бұл іс облыстық полиция департаментінің «шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты теріске шығару арқылы ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау және бұл ақпарат туралы видеожазбаны әлеуметтік желіден алып тастау» жөнінде Олеся Вертинская мен оның әріптесі Серік Қожаниязовтың үстінен сотқа берген талап-арызына қатысты.

Серік Қожаниязов та – «Дорожный портал» ақпарат порталының өңірдегі тілшісі.

18 мамыр күні судья Мұқашева істі қарап, полиция департаменті талап арызын ішінара қанағаттандырып, Вертинская мен Қожаниязовқа «шындыққа жанаспайтын ақпаратты» сол ақпарат шыққан бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруды міндеттеді. Ал видеожазба жарияланған YouTube-тегі «ДГК.Регион.06» арнасының авторы анықталмағандықтан, оны әлеуметтік желіден алып тастау туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Вертинская шешімге наразы, апелляциялық шағым түсірмек.

Былтыр қыркүйек айында Олеся Вертинская мен Серік Қожаниязов отырған көлікті қала маңындағы Зарослый ауылы тұсынан Атырау – Дамбы тасжолы бойындағы бекетте полиция қызметкерлері тоқтатқан. Тоқтату себебін «Бекіре» жедел-іздестіру шарасы деп түсіндірген полиция қызметкерлерін Вертинская видеоға түсіріп, «бекет заңсыз жұмыс істеп тұрғанын» айтқан. Полицияның шағымына осы видео себеп болған.

Олеся Вертинскаяның айтуынша, қала әкімдігі оған пикет өткізуге рұқсат берген. Алайда облыстық соттың қауіпсіздік қызметінің өкілдері қасына жақындап, одан бұл жерден кетуді талап етті. Мұны сыртынан бақылап тұрған қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері оларға пикет жергілікті биліктің келісімімен өтіп жатқанын айтқан. Бұдан соң облыстық соттан ешкім шықпады.


Сондай-ақ қараңыз