Адвокат Мейіржан Досқараев түрмедегі белсенді Марат Жыланбаевқа кіріп шыққанын хабарлады.
Бір жылдан астам уақыттан бері адвокат алғаш рет Жыланбаевпен кездесті. Адвокаттың сөзінше, Марат Жыланбаевтың денсаулығы қалыпты. Ұзақ уақыт қатаң ұстау жағдайында (СУС) болған. Қазір тәртіптік изоляторда отыр.
«Мен онымен қазір кездестім. Сөйлестім. Біз онымен жазасын жеңілірек жазаға алмастыру немесе мерзімінен ерте шығу туралы өтініш беру мәселесін талқыладық. Жоғары сотқа кассациялық шағым түсіру мәселесін де сөз еттік. Келесі кездесуде құжаттарды дайындап келемін», – деді адвокат әлеуметтік желіде тараған видеода.
Жыланбаев бұған дейін өзіне адвокатын кіргізбегеніне байланысты аштық жариялағаны хабарланған.
Марат Жыланбаев – әлемге әйгілі супермарафоншы. Ол Азия, Африка, Аустралия және Америка құрлықтарындағы ең ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен тарихтағы тұңғыш және жалғыз адам.
Ол Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті әлемдік рекордтың иесі және олардың көбі 1990-жылдардың басында жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін жаңартылмаған. Өз спорттық мансабында ол 160 мың шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өткен.
Жыланбаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншылар мен ультрамарафоншыларға арналған ерекше дайындық жүйесін жасаған жаттықтырушы.
Спорттан бөлек, ол саяси белсенділігімен де танымал. 2023 жылдың ақпанында Парламент сайлауына кандидат ретінде қатысып, ресми тіркеуден өткен, бірақ заңсыз үгіт жүргізді деген айыппен жарыстан шеттетілген.
Астана прокуратурасы оның Facebook парақшасында сайлау жарнасын төлеуге көмек сұраған жазбасын заң бұзушылық деп танып, 51 750 теңге айыппұл салған.
2023 жылдың қарашасында ол «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасы бойынша, Жыланбаев оппозиционер Мұхтар Әблязовпен және оның шетелдегі штабымен байланыста болған.
Жыланбаев өзіне тағылған айыппен де, шығарылған үкіммен де келіспеген. Өзі және жақтастары істің саяси астары барын айтқан. Сот процесі жабық өткен. Жыланбаев қарсылық ретінде бірнеше рет аштық жариялаған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.