Борейко ісі: Сот журналисті кінәлі деп танып, 43 миллион төлеуге міндеттеді
  • Басты
  • >
  • Борейко ісі: Сот журналисті кінәлі деп танып, 43 миллион төлеуге міндеттеді

Борейко ісі: Сот журналисті кінәлі деп танып, 43 миллион төлеуге міндеттеді

14.11.2026

Белгілі журналист Вадим Борейко сот шешімі бойынша Premier тұрғын үй кешенінің ресми құрылыс салушысы – «Etude-Ybyrai» ЖШС-не 43 миллион теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелді.

Кеше Алматыда құрылыспен айналысатын «Etude-Ybyrai» ЖШС-нің (шағын кәсіпорын, онда бес адамнан аз қызметкер жұмыс істейді) белгілі журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкоға қарсы талап-арызы бойынша сот процесі аяқталды. Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының азаматтық істер жөніндегі судьясы Айдар Өтебеков «Гиперборей» арнасындағы бейнесюжеттерде және Борейконың Instagram парақшасында Premier тұрғын үй кешені мен компанияға қатысты жарияланған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді әрі ЖШС-нің іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды.

Айта кетерлігі, бұл мәліметтер бейнесюжеттерде айтылған пікірлер түрінде берілген. Пікір авторлары жергілікті тұрғындар, тексеруші органдардың өкілдері, сол кездегі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек және Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев. Соңғысының есімі құрылыс салушының талап-арыз құжаттарында үнемі өзгеріп отырады: бірде Ерболат, бірде Гербурт, енді бірде Ермолай болып жазылады. Борейко өз бейнесюжеттерінде құрылыс салушының өзіне де сөз берген.

– Борейконың өзін және оның аудиториясын ескерсек, оның YouTube-арнасында 800 мың жазылушысы бар. Егер ол бұл мәліметтерді таратпағанда, бұл туралы ешкім де білмес еді. Демек, журналист ретінде ол бұл ақпаратты тексеруі керек болатын, – деді компания өкілі Бақыт Қасымбаев.

Оның пайымына сүйенетін болсақ, журналист сол кезде заңсыз болған құрылысты екі рет тоқтатқан қазіргі парламент депутаты мен қала әкімінің сөздеріне де күмән келтіріп, оларды тексеруі тиіс болған.

Даулы тұрғын үй кешені Everest Development құрылыс компаниясының сайтында жарнамаланады. Сот отырысында талапкердің өкілі өзінің ЖШС-сі мен ірі компания арасында қандай да бір байланыс бар екенін жоққа шығарды. Оның айтуынша, екі компания арасында тек серіктестік қатынастар ғана бар. Алайда жарнамада тұрғын үй кешенінің нақты құрылыс салушысы әлгі шағын «серіктестік» екені туралы бірде-бір сөз жоқ. Ал «Etude-Ybyrai» ЖШС Everest компаниясына 10 000 АЕК мөлшеріндегі қаражатты «тұрақсыздық айыбы» ретінде аударған. Бұл шығын да журналист Борейконың мойнына жүктелді.

Сот компания сұраған бастапқы соманы екі есеге қысқартқанымен, Борейко ЖШС-ге өтемақы төлеумен қатар, өзі сұхбаттасқан адамдардың сөздерін теріске шығарып, бейнесюжеттерді өшіруге міндеттелді.

Сот дауы биыл сәуір айында басталған болатын. Осы уақыт бойы Вадим Борейконың банк шоттары бұғаттаулы тұрды.

Сот шешімі журналистика ардагері Вадим Борейконың 67 жасқа толған күні шығарылуымен де символдық мәнге ие болды. Вадим Борейконың журналистика саласындағы еңбек өтілі – 35 жыл. Ол әр жылдары КТК телеарнасында, «Время» газетінде (оның гүлденген кезеңінде) және Forbes Kazakhstan басылымында бас редактор болып қызмет атқарған.