Атбасар колониясындағы «азаптау ісі» бойынша сот үкімі оқылды. Сот «билігін асыра пайдаланды» деп айыпталған бұрынғы колония қызметкерлерінің бас бостандығын шектеді. Іс әу баста «азаптау» бабы бойынша қозғалған. Алайда кейіннен ол «билігін асыра пайдалану» айыбына ауыстырылды.
13 қарашада Ақмола облысының Атбасар аудандық соты сотталушыларды, соның ішінде саяси белсенді Тимур Дәнебаевты соққыға жығу фактісі бойынша колонияның бұрынғы 12 қызметкеріне үкім шығарды. Сот айыпталушылардың барлығын кінәлі деп таныды.
Рақымшылық заңы қолданылған бұрынғы қызметкерлердің тоғызы бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алып, пробациялық бақылауға қойылды. Тағы үшеуінің қамауда болған уақыты есептеліп, жазадан босатылды.
Сотталғандардың барлығына үш жыл бойы Ішкі істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеуге тыйым салынып, арнайы атақтарынан айырылды.
Ақмола облысының Атбасар аудандық соты колонияда жазасын өтеген сотталғандардың азаматтық талаптарын да ішінара қанағаттандырды. Үш адамға моральдық шығын үшін – 1,5 миллион теңгеден, тағы 17 адамға 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өтемақы тағайындалды.
Атбасар колониясындағы азаптау ісі осы уақытқа дейін бірнеше рет қайта қаралды.
2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны бейнеленген видео тараған. Кейіннен бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.
Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
2025 жылы ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Соттың бұл шешіміне құқық қорғаушылар мен белсенділер наразылық білдірген.
2025 жылы сәуірде ақтау үкімі жойылып, іс бірінші инстанцияға қайта жіберілген. Желтоқсанда Ақмола облыстық соты 12 қызметкерді қайтадан ақтаған. Биыл наурызда үкімнің күші қайтадан жойылған.
2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін астаналық белсенді Тимур Дәнебаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алматыға 20 мың террорист шабуыл жасады» деген мәлімдемесіне байланысты оны қылмыстық жауапқа тартуды және бұл туралы тексеру жүргізуді талап етіп, сотқа бермек болған.
Алайда көп ұзамай оның өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Белсендіге әлеуметтік желіде «ұлт араздығын қоздырды» деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды.
Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты «саяси тұтқындар тізіміне» қосты. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. «Елде саяси астармен қудалауға негіз болатын заң жоқ, сол себепті саяси тұтқын жоқ» деп есептейді.