Оралда полиция «Жария» қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз бақылаушылары Самал Ғилманова мен Хәкім Меңдібайдың үйлері мен ұйымның кеңсесіне тінту жүргізді. Кейін екеуін полиция департаментіне жауап алуға шақырды.
Полицияның «Уральская неделя» басылымына берген жауабында алаяқтық бойынша екі бірдей арыз түскен. Осыған байланысты белсенділердің үйі мен кеңсесінде тінту жүргізілген.
«Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауғажәне арызданушылардың уәждерін тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліпжатыр. Тергеу барысында іске қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген полиция департаментінің жауабында.
Белсенділердің үйін тінту мен тергеу адвокаттардың қатысуынсыз өткен.
«Жария» жетекшісі Бекнұр Сыражанов ұйымның банк шоты да, қызметкерлерінің жалақысы да жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бақылаушылар сайлау учаскелеріне бару үшін жол шығынына өзара 500–1000 теңгеден жинаған.
Арыз жазған бұрынғы бақылаушылардың бірі Мейрам Бақтұғұлов «Уральская неделя» басылымына «Жария» ұйымы оған екі сайлаудағы бақылау жұмысы үшін 3 мың доллар қарыз екенін мәлімдеген. «Сіздің қолыңызда сізге үш мың доллар төлеуі тиіс деп жазылған «Жариямен» жасалған келісім бар ма?» деген сұраққа ол «бізде бәрі бар!» деген.
Бұдан соң «е, қойшы» деп телефон тұтқасын тастай салған.
Ал ұйым басшысы мұндай айыптауларға таңғалғанын жеткізді.
Хәкім Меңдібай мен Бекнұр Сражанов полиция әрекетін алдағы сайлаумен байланыстырып отыр. Олардың пікірінше, бұл тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын тоқтатуға бағытталған қысым болуы мүмкін.
«Жария» ұйымы бес жыл бұрын елдегі сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне көмектесу мақсатында құрылған. Ұйым мүшелері сайлау мен референдумдарға бақылау жүргізіп, заң бұзушылықтарды тіркеп келген. Бұған дейін де олар құқық қорғау органдарының назарында жүргенін айтып, ықтимал арандатуларға алаңдаушылық білдірген.
«Жария» өкілдері 19-рет өтініш бергеннен кейін ұйымды тіркете алған.
Полиция әзірге іс бойынша тергеу жүріп жатқанын ғана хабарлады.
Осыған дейін Хәкім Меңдібай желіде үгіт-насихат кезеңі басталғанына қарамастан БҚО-да сайлауалды науқаны сезілмейтінін жазған болатын.
«Жария» қоғамдық бірлестігі мүшелері ауылдық округ әкімдерінің сайлауын және референдумдарды қоса алғанда, түрлі сайлауларды тұрақты түрде бақылап келді. Соңғы жылдары ұйым өкілдері құқық қорғау органдарының ерекше назарына іліккендерін бірнеше рет мәлімдеп, өздеріне қатысты арандатушылық әрекеттер жасалуы мүмкін екенін айтқан.
Қазақстанда 29 қарашада мәслихат сайлауы өтеді. ОСК мәліметінше, сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде партиялық тізім бойынша, 1219 адам, бір мандатты округ бойынша 9752 адам бар.