Қытайға қарсы наразылық акциясын өткізіп, сотталған тіркелмеген «Атажұрт» ұйымы белсенділерінің жақындары қамаудағы туыстарының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, араша сұрады.

Сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның әйелі Нұргүл Ибраева 9 қарашада күйеуімен кездескен. Ол бес ай дегенде жұбайыммен әрең кездестім дейді. Сөзінше, Бекзат Мақсұтханның денсаулығы нашарлаған. Бірнеше келі салмақ тастаған.
«Оны көрген кездегі жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Бекзат бұрын тоқсан келі салмағы бар, апталдай азамат еді. Қазір алпыс келідей болып, қатты арықтап кеткен. Қолдары, буындары тілім-тілім қансырап, жараланғаны байқалады. Оның сыртқы жағдайы мені қатты шошытты. Түрмеде жағдайлары нашар сияқты. Денсаулықтары жақсы емес сияқты. Не жамылатын одеяло бермейді екен. Өзіміз алып барсақ, оларды кіргізбейді. Басқаларға одеяло жетеді де, дәл Бекзат Мақсұтханұлына берілмейді екен. Бұны мен әдейі жасалып жатқан қысым деп есептеймін», – деді ол.
«Атажұрт» ұйымының мүшесі Әсен Нұрсанұлы биыл маусымда ұсталған Бәтиқа Біләшті босатуды талап етті. Оның сөзінше, осы уақыттан бері оны қамауда ұстау мерзімі ұзартылып кетеді. Одан өзге істе ешқандай өзгеріс жоқ.
«Жағдай қиын, былай айтқанда, ол өзі әйел адам, жүрегі ауырады, денсаулығы нашар. Соған қарамастан [қамауда ұстауын] созып отыр. Биліктен бұл кісіні босатуды талап етемін және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының осыған назар аударуына үміт етемін», – деді Әсен Нұрсанұлы.
Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын Шыңжаңдағы қуғын жөнінде айтып жүрген белсенді, «Атажұрт» ұйымының алғаш құрушылардың бірі Серікжан Біләштің әпкесі. Ол маусым айында қамалып, үйқамаққа шығып, кейін қайта қамалған болатын.
Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, Бәтиқа Біләштің үстінен 10 шақты адам арыз түсіріп, «алаяқтық» жасады деп айыптаған. Жақтастары Бәтиқа Біләшті Серікжан Біләшқа қысым жасау мақсатында қамап отыр деп санайды.
Әсен Нұрсанұлының сөзінше, «Атажұрт» ұйымына мүше болғаны үшін ғана адамдарға қысым жасалып жатыр.
«Астанада Нұрмұқан деген азаматымыз Whatsapp-та ғана сөйлеген сөзі үшін үстінен 174-баппен іс қозғалып отыр. Енді ол торыққаннан сөйлеген шығар. Ол сөйлейді, оның артында нақты қылмыстық іс бар ма, соны қарау керек қой. Жоқ олай емес, сен сөйлеп қойдың болды, бәлеге қалдың», – дейді ол
Сот үкімімен 4 жыл 8 айға бас бостандығы шектелген «Атажұрт» ұйымының заңгері Нәзигүл Мақсұтханның күйеуі Ерзат Болатханұлы кейінгі уақыттары қысым күшейді дейді. Сөзінше, өздері жоқ кезде үйіне келіп, полиция қызметкерлері тінту жүргізген. Қандай да бір құжат көрсетіп, не себепті тінту жасалғанын түсіндірмеген.
«9 қараша күні біз жоқта, сағат бір жарымда келіп, үйімізге заңсыз тінту жасаған», – дейді ол.
Биыл сәуірде Талдықорған соты «Атажұрт» ұйымының 19 мүшесін кінәлі деп танып, 11 адамды 5 жылға бас бостандығынан айырып, қалғандарын 4 жыл 8 айдан, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Айыпталушылар мен олардың туыстары сот үкімімен келіспеген.
Белсенділердің үстінен «Ұлтаралық араздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Істің қозғалуына олардың былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткізген наразылық акциясы себеп болған.
Сол уақытта олар Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, «түзету лагеріне» қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен болатын.