Құпияланған дерек, күшін жойған шешім: Қазақстанда митингке рұқсат алу мұңға айналды
  • Басты
  • >
  • Құпияланған дерек, күшін жойған шешім: Қазақстанда митингке рұқсат алу мұңға айналды

Құпияланған дерек, күшін жойған шешім: Қазақстанда митингке рұқсат алу мұңға айналды

10.11.2026

Ақтөбе әкімдігі мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік құқықтарына арналған митинг өткізуге берген рұқсатын кері қайтарып алды. Ал Батыс Қазақстан облысының әкімі митинг туралы деректерді мүлде құпиялап тастады.  

Ақтөбе әкімдігі бұған дейін белсенділерге 3 желтоқсанда сағат 10:00-ден 11:55-ке дейін Астана ауданындағы «Авиатор» саябағында митинг өткізуге рұқсат берген болатын. Бірақ құқық қорғаушы Мұсағали Дауыловтың сөзінше, әкімдік енді бұл шешімінен бас тартып отыр. 

Әкімдік шешімін аталған аумақта «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ апаттық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен түсіндірген. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстарға байланысты митингіні басқа жерде немесе басқа уақытта өткізу мүмкін емес екенін мәлімдеген.

«Қазіргі жағдайға байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігі 14 қазанжағы №762 қаулысының күшін жою туралы қаулы шығарды», – деп жазылған әкімдік хатында.

Митингке қатысушылар мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті білім, сапалы медициналық көмек пен оңалту, әділ жәрдемақы, еңбек жағдайы, жалақы және баспана мәселелерін көтеруді жоспарлаған.

«Біздің мақсатымыз – еліміздегі адами қадір-қасиет пен әлеуметтік әділеттілікті анықтайтын мәселелерді ашық, заңды және өркениетті түрде қозғау», – деп жазған құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов.

Сонымен қатар олар әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғау, демократиялық реформалар және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог мәселелерін талқыламақ болған.

Ақтөбе әкімдігі митинг өткізуге берген рұқсатының күшін жойып жатқан тұста, Батыс Қазақстан облысының әкімі митингілер туралы деректерді мүлде құпиялап тастағаны белгілі болды.

Umarov NEWS басылымы соңғы төрт жылда бейбіт митингілер өткізуге қанша хабарлама түскенін, олардың қаншасы келісілгенін, қаншасына қандай себептермен бас тартылғанын білу үшін Батыс Қазақстан облысы мен Орал қалалық әкімдігіне ресми сауал жолдаған. Сонымен қатар, басылым хабарлама берушілердің алдын ала келісімсіз өткізген акцияларының саны туралы да ақпарат сұраған. Алайда әкімдік бұл деректердің құпияланғанын айтқан.

«Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің 2024 жылғы 4 наурыздағы № 53-Ө «БҚО әкімдігінің қызметтік пайдалануға арналған белгісімен шектелуге жататын қызметтік құжаттарының ведомстволық тізбесін бекіту туралы» өкіміне сәйкес, сұратылған ақпарат қызметтік пайдалануға арналған құжаттар санатына жатқызылған. Осыған байланысты аталған мәліметтерді ұсыну мүмкін емес», – деген басылым сауалына берген жауабында Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов.

Оралдық белсенділер Маруа Ескендірова мен Бекболат Өтебаев жыл сайын әкімдікке бейбіт жиын өткізуге байланысты ондаған хабарлама жолдайды. Бірақ осы уақытқа дейін олардың бірде-біреуіне рұқсат берілмеген. Белсенділерге түрлі себептер айтылған бас тарту жауаптары келген. Осыған қарамастан, екі белсендіге де «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен бірнеше рет айыппұл салынып, әкімшілік қамауға алынған.

Қазақстан билігі елде «бейбіт жиын өткізу үшін азаматтардың рұқсат сұрауы міндетті емес» деп мәлімдегенімен, іс жүзінде «рұқсат етілмеген митингілерге» барған азаматтар ұсталып, көп жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқанын жиі айтады.

Human Rights Watch ұйымы 2026 жылғы әлемдік есебінде «Қазақстан билігі сөз бостандығын, бірлесу және бейбіт жиналу еркіндігін қатаң шектеп отыр», деп жазған.