Бір жылға жуық уақыттан бері «саяси тұтқын» Марат Жыланбаевқа адвокаттары кіре алмай жүр. Жақында қорғаушы Денис Малюга саясаткермен кезде салмағанын мәлімдеді. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мұны «INCOMMUNICADO» деп бағалап отыр.
4 қазанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде жазба жариялап, адвокат Денис Малюганың Марат Жыланбаевқа тағы да кіре алмағанын мәлімдеді.
«Бас прокуратура Марат Жыланбаевты 16.09.2026 жылы №4 мекемеде Степногорск прокурорының орынбасары қабылдағанын ресми түрде хабарлады. Хатта: «Жеке қабылдау барысында Марат Жыланбаевтан өзіне адвокат қажет екені туралы жазбаша өтініш түсті», — деп анық жазылған.
Яғни, Мараттың өтініш бергені ресми түрде дәлелденіп отыр. Бірақ кеше адвокат Денис Малюга өзін Маратқа тағы да кіргізбегенін хабарлады. Мекемеде оған Жыланбаевтан ешқандай өтініш түспегені туралы айтқан», – деп жазды Төреғожина.
Құқық қорғаушы өзінің жазбасына Бас прокуратура берген жауапты қоса жариялаған. Онда ведомство адвокат Денис Малюганың сауалына жауап берген. Атап айтқанда, Жыланбаевтың адвокат қажет деген жазбаша өтініші тіркеліп, өзі қамауда отырған №4 мекемеге жолданғаны туралы айтылған.
«Аталмыш өтінішті Степнагорск прокуратурасы 17.09.2026 жылы тіркеп, №4 мекеменің қарауына жіберді», – делінген Бас прокуратура жауабында.
Бақытжан Төреғожинаның Жыланбаевқа қатысты жағдайды «INCOMMUNICADO» деп бағалауы тегін емес. Себебі оның қоғаммен байланысын шектеп, заңдық көмек алу мүмкіндігінен айыру азаптауға жатады. БҰҰ-ның Азаптауға қарысы конвенциясында инкоммуникадо тікелей азаптау деп бағаланған.
«Инкоммуникадо режимінде ұстау Конвенцияның 11-бабын тікелей бұзу болып табылады. Мемлекеттер тұтқынның ұсталған сәттен бастап өзі қалаған адвокатпен, тәуелсіз дәрігермен және отбасы мүшелерімен байланыс орнату құқығын қамтамасыз етуге міндетті. Мұны шектеу — азаптауға жағдай жасаумен тең», – ресми заңдық түсініктеме берген БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті.
Қазақстан БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына 1998 жылы қосылған. Бұл құжат бойынша мемлекет кез келген азаптау түрін (соның ішінде психологиялық қысым мен инкоммуникадоны) қолдануға құқығы жоқ.
Марафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада сот үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Оған «Экстремизмді қаржыландырды» және «Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыптар тағылған.
Ол өзіне тағылған айыппен де, шығарылған үкіммен де келіспеген. Өзі және жақтастары істің саяси астары барын айтқан. Сот процесі жабық өткен. Жыланбаев қарсылық ретінде бірнеше рет аштық жариялаған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.