Екібастұзда Марат Жыланбаев еккен шыршаны кесіп тастаған
  • Басты
  • >
  • Екібастұзда Марат Жыланбаев еккен шыршаны кесіп тастаған

Екібастұзда Марат Жыланбаев еккен шыршаны кесіп тастаған

30.09.2026

27 қыркүйекте «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелері Жібек Жақыпова мен Алмагүл Елімбаева Екібастұз қаласына барып, «саяси тұтқын» Марат Жыланбаев еккен кесілген ағаштың орнына жаңадан шырша еккен. Бұл жөнінде белсенділердің өзі Facebook желісінде жазды.

Желіде жарияланған видеода белсенділер Павлодардан Екібастұзға барып, кесілген ағаштың орнына жаңадан шырша еккені көрінеді. Бірақ сол уақытта оларға полиция мен әкімдік қызметкерлері келіп, ағаш егу үшін қалалық әкімдікпен келісу керектігін ескертеді. Оған белсенділер көнбейді.

Видеода Жібек Жақыпова кесілген ағаш жайлы You Tube желісінен көргенін айтады. Оқиға орнына келген Нұрсұлтан есімді әкімдік өкілінен Марат Жыланбаев еккен ағашты не үшін кесіп тастағандарын сұрайды.

«Маңайында тұрған ағаштардың барлығы сау. Не себепті дәл осы ағаш кесіліп, тақтайшасы алынып тасталған? Мен қазір қандай тәртіп бұзып тұрмын? Мен дәл сондай шырша алып келіп, ектім», – дейді белсенді.

Әкімдік өкілі ағаштың кесілуі жанынан өтіп жатқан кабельмен байланысты болуы мүмкін деп түсіндіреді. Алайда белсенділер оның бұл сөзімен келіспейді. Жанында өзге ағаштар өсіп тұрғанын алға тартады.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Марат Жыланбаев Екібастұз қаласының темір жол вогзалы жанындағы аллеяға шыршаны 2002 жылы еккен. Бұл аллеяға Жыланбаевпен қатар қаланың өзге де құрметті азаматтары тал еккен.

Марат Жыланбаев – әлемге әйгілі супермарафоншы. Ол Азия, Африка, Аустралия және Америка құрлықтарындағы ең ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен тарихтағы тұңғыш және жалғыз адам.

Ол Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті әлемдік рекордтың иесі және олардың көбі 1990-жылдардың басында жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін жаңартылмаған. Өз спорттық мансабында ол 160 мың шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өткен.

Жыланбаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншылар мен ультрамарафоншыларға арналған ерекше дайындық жүйесін жасаған жаттықтырушы.

Спорттан бөлек, ол саяси белсенділігімен де танымал. 2023 жылдың ақпанында Парламент сайлауына кандидат ретінде қатысып, ресми тіркеуден өткен, бірақ заңсыз үгіт жүргізді деген айыппен жарыстан шеттетілген.

Астана прокуратурасы оның Facebook парақшасында сайлау жарнасын төлеуге көмек сұраған жазбасын заң бұзушылық деп танып, 51 750 теңге айыппұл салған.

2023 жылдың қарашасында ол «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасы бойынша, Жыланбаев оппозиционер Мұхтар Әблязовпен және оның шетелдегі штабымен байланыста болған. Ал оның жақтастары бұл айыптауларды саяси астары бар, қолдан жасалған іс деп есептейді.

Халықаралық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.