24 қыркүйекте Астананың әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты Қазақстаннан пана сұрап, өтініші қабылданбаған ресейлік белсенді Юлия Емельянованың шағымын қарады. Сот белсендіге пана бермеу туралы бұған дейінгі инстанцияларда шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Адвокат Ескендір Әлімбаев кассациялық соттың шешімімен келіспейтінін жеткізді. Адвокат Жоғары сотқа шағымданбақ. Бірақ оның сөзінше, бұл экстрадицияны тоқтата алмауы мүмкін, оны кез келген уақытта Ресейге жіберуі мүмкін.
Енді Юлия Емельянованың соңғы үміті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болып отыр. Ол бұған дейін Тоқаевтың атына хат жолдап, көмек сұраған.
«Сіз менің ісім бойынша әділ әрі объективті сот процесінің өтуін қамтамасыз ете аласыз. ҚР Бас прокуратурасының мені экстрадициялау туралы асығыс қабылдаған шешімінің күшін жоя аласыз. Мен сіз үшін адам құқықтары жай ғана бос сөз емес екеніне және заң алдында бәрі тең деген ұстанымды сіздің де, менің де қолдайтынымызға сенемін», — деген хатында белсенді.
Ресей түрмесінде қаза болған белгілі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі Юлия Емельянова 2025 жылы тамызда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталған. Кейіннен Қазақстан бас прокуратурасы Ресей тарапының Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған. Тиісті қаулы оған 2026 жылдың 29 қаңтарында берілген.
Юлия Емельянованың қорғаушылары бас прокуратура шешімімен келіспей, сотқа жүгінген. Қазақстан соттары белсендіге пана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдаған. Бұл шешімге келіспеген белсендінің қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, ол бойынша шешім шыққанға дейін экстрадиция тоқтатылған.
Ресейде оған қарсы ұрлық бабы бойынша іс қозғалған. Тергеушілердің айтуынша, ол «таксистен құны 12 мың рубль (143 доллар) тұратын ұялы телефонды ұрлаған». Құқық қорғаушылар іс қолдан ұйымдастырылған деп санайды. Олардың сөзінше, Емельянова ресейлік саяси тұтқындарға көмектескен. Оны билік сол үшін жазалағысы келеді деп санайды. Олардың сөзінше, Емельянова «ұрлады» деген телефонды белсенді алғаш рет полиция бөлімінде көрген.
Шешен азаматы Мансур Мовлаевтың да жағдайы осыған ұқсас. Ол да қазір экстрадициялық қамаумен Алматыда изоляторда отыр. Жуырда ол өзіне екі рет қол салмақ болған. Қазақстан оған пана беруден бас тартты. Құқық қорғаушылар оны кез келген уақытта Ресейге экстрадциялауы мүмкін деп қауіптенеді.