Астана соты азаматтық белсенді Айгүл Тоқпаеваға амнистия қолданып, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бұл жөнінде белсендінің өзі Facebook желісінде жазды.
«2026 жылғы 10 қыркүйекте маған, Айгүл Токпаеваға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 3-бөлігі («Билік өкіліне өмірге қауіпті емес күш қолдану немесе күш қолдану қаупі») бойынша амнистия қолдану мәселесіне қатысты сот отырысы өтті. Сот отырысының қорытындысы бойынша сот амнистия қолданып, мені қылмыстық жауаптылықтан босатты. Бұл шешім — Қазақстан Республикасының «Рақымшылық жасау туралы» заңының нормаларын заңды әрі әділ қолдану үшін күресудің қаншалықты маңызды екенін көрсететін маңызды мысал», – деп жазды ол парақшасында.
Айгүл Тоқпаеваның айтуынша, оның мүддесін сотта адвокат Мейіржан Досқараев қорғаған.
3 тамызда өткен сот отырысында сот Тоқпаеваға қатысты рақымшылық заңын қолданудан бас тартқан. Сот 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің нормаларын негізге алған. Алайда аталған кодекс қазіргі уақытта күшін жойған. Сот барысында прокурор белсендіге тағылған айып 380-баптың 3-бөлігі рақымшылық туралы заңның қолданысына жататынын растаған.
2025 жылы 30 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Айгүл Тоқпаеваны Қылмыстық кодексінің 380-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.
Дәл осы жылы 23 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімге өзгерістер енгізіліп, тағайындалған жазаны орындауды 5 жылға кейінге шегерген.
Айгүл Тоқпаеваның үстінен іс қозғалуына оның 2025 жылы Жоғарғы сот ғимаратына баруы және сондағы полиция қызметкерімен арадағы келіспеушілік себеп болған. tirek.info сайтының жазуынша, Тоқпаева кішкентай баласымен бірге 2025 жылы 10 сәуірде сот процесін бақылау үшін Жоғары сот ғимаратына барған. Алайда полиция қызметкері баламен ғимаратқа кіруге рұқсат бермеген. Ол «16 жасқа толмаған азамат сотқа қатысушы тарап немесе куә болмаса сот ғимаратына кіргізілмейді» деген талапты алға тартқан.
Сотта прокурордың айтуынша, Айгүл Тоқпаева «билік өкіліне қатысты күш қолдануға бағытталған тікелей қылмыстық ниетке кенеттен барып», «оның басы мен мойын тұсына» оң қолымен «дене жарақатын салған».
Сол уақытта белсендінің өзі «Қазақстанда өзіңді және балаңды қорғасаң, сотталып, жазаға тартылатын боласың» деп мәлімдеген.
Айгүл Тоқпаева – құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған саяси белсенді Айдар Сыздықовтың әйелі. Астана соты 2024 жылдың қыркүйегінде Айдар Сыздықовты 5 жылға бас бостандығынан айырған. Оған ҚК 297-бабының 1-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бойынша айып тағылған болатын.
Белсендінің өзі және жақтастары тағылған айыппен де, үкіммен де келіспеген. Олар істің қолдан құрастырылғанын және саяси астары барын айтқан.