Шымкенттік белсенді Құрал Сейітханұлы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы журналист Амангелді Батырбеков хабарлады.
«Кеше 8 қыркүйек күні Түркістан қалалық сотының Батырхан Алшеров деген судьясы біздің С-ИНФОРМ газетіміздің Түркістан қаласындағы өкілі Құрал Сейітханұлы Исмановты «Қазақстан Республикасының атынан» деп тұрып, 3 жылға қамады да жіберді. Үкімнің видеосын жарияламадым, құрысын. Өйткені менің Қазақстан Республикам ондай үкім шығарды дегенге арым жібермей тұр», – деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Құрал Сейітханұлы биыл мамырда қамауға алынған. Белсендіні блогер Ләззат Асанова «жеке деректі жария етті» деп айыптап, полицияға арыз түсірген.
Амангелді Батырбеков белсенді жариялаған мәліметтің құпия емес екенін, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат екенін айтады.
Блогер Ләззат Асанова бұл пікірмен келіспейді. Ол да сот үкімінен кейін Facebook желісінде жазба жариялады.
«Менің жеке өміріме қатысты мәліметтердің рұқсатсыз таратылуына байланысты қаралған іс бойынша сот шешімі шықты. Құрал Исмановқа қатысты қаралған бұл іс мен үшін тек жеке дау емес, адамның жеке кеңістігі мен дербес мәліметіне құрметпен қарау қажеттігін көрсеткен маңызды құқықтық мәселе болды. Адамның келісімінсіз оның жеке өміріне қатысты ақпаратты жариялау немесе тарату – жай ғана әлеуметтік желідегі әрекет деп қарауға болмайтын мәселе. Әр азамат өзінің жеке өмірі мен дербес деректерінің қорғалуына құқылы. Осы орайда істің мән-жайын заң талаптары аясында қарап, құқықтық бағасын берген Түркістан облыстық сотының судьяларына алғысымды білдіремін», – деп жазды ол парақшасында.
Құрал Сейітханұлы ұзақ жылдан бері елдегі әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысты пікір білдіріп, белсенділігімен танылған. 2024 жылы АЭС салу туралы референдумда Түркістан қаласында бақылаушы болған. Учаскедегі заңсыздықтар туралы жазбасынан кейін полиция жауап алған. Осыдан соң Құрал Сейітханұлы Бекзат Саттарханов атындағы №28 мектепте орналасқан №931 референдум учаскесінде «карусель» әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірген.
Сол уақытта Түркістан бойынша Орталық референдум комиссиясының төрағасы болған Қайрат Бердіқұлов мұндай оқиға тіркелмегенін айтқан.