Алматылық журналист Динара Егеубаева жол ережесін бұзғаны жөнінде полициядан алған материалдарда күмән туғызатын сәйкессіздік бар деп мәлімдеді. Айтуынша, көшеде велосипедші соғылғаннан кейін Егеубаеваның көлігінің оң жақ бүйірі майысып қалған. Кейін журналист әлгі оқиғаға дейін жол ережесін бұзғаны үшін өзіне екі айыппұл салынғаны туралы полициядан хаттама мен фотосуреттер алған.
Сол суреттен көлігінің майысқан тұсын байқағанын айтады. Ал полиция көліктің велосипедші соғылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын жол ережесін бұзғанын алға тартады дейді журналист.
– Сонда «Сергек» камералары менің көлігімді велосипедші қағып кетпей тұрып, осы майысқан жерлерімен түсіріп алған болып тұр ғой, – дейді ол.
Егеубаеваның сөзінше, полиция хаттамасында оның жеңіл көлігі 31 шілде күні сағат 10:35-те Алматыдағы Абай мен Сейфуллин көшелерінің, ал 10:39-да Абай және Байзақов көшелерінің қиылысында тұтас сызықты екі рет кесіп өткені көрсетілген.
– Ал ол кезде мен мүлде басқа жақта болдым, – дейді журналист.
Алматы полициясы Динара Егеубаеваның бұл мәлімдемесіне байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.
31 шілдеде қарсы жолақпен жоғары жылдамдықпен келе жатқан велосипедші тұрақтан шығып келе жатқан Динара Егеубаеваның көлігінің бүйіріне соғылған.
Соқтығыстан кейін Егеубаева полиция мен жедел жәрдем шақырған. Оның көлігі тәркіленгенімен, тәркілеу туралы акт жасалмаған. Оқиға орнында полицейлер «ол көлікпен қағып кетті» деген мазмұнда хаттама толтырып, құжатты әкімшілік сотқа жолдайтынын айтқан. Алайда үш күннен кейін әкімшілік іс емес, қылмыстық іс қозғалғаны туарлы белгілі болды. Ал әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғасы салдарынан велосипедшінің қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат таратыла бастады.
Егеубаеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша – «көлік құралдарын жүргізу немесе пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар зардап шеккен тарап өзіне келтірілген шығынды үш миллион теңге деп бағалаған.
Динара Егеубаева «Динарион» YouTube-арнасының авторы. Жаңа Конституция бойынша референдум қарсаңында оның әлеуметтік желілердегі парақшалары бұғатталған. Сонымен қатар жақында YouTube платформасында оның арнасының атауына ұқсас атауы бар және журналистің суреті қойылған жаңа арна пайда болған.
Осыған ұқсас велосипедші қатысқан оқиға Алматыда «Ахуал сегодня» сатиралық YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровпен де болған. Бұл жағдай оның билік туралы сатиралық видеолары үшін қамауға алынуынан аз уақыт бұрын орын алған.