«Хочу жить» жобасы Астананы Лұқпан Ахмедияровты қудалауға жол бермеуге үндеді
  • Басты
  • >
  • «Хочу жить» жобасы Астананы Лұқпан Ахмедияровты қудалауға жол бермеуге үндеді

«Хочу жить» жобасы Астананы Лұқпан Ахмедияровты қудалауға жол бермеуге үндеді

14.08.2026

Ресей армиясы сапында Украинада соғысып жүргендерді ажалдан аман қалу үшін ерікті түрде тұтқынға берілуге шақыратын Украинаның «Хочу жить мемлекеттік жобасы Астана полициясының журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен «көрінеу жалған ақпарат тарату» күдігімен қылмыстық іс қозғап, тергеуге алғанын оның кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі қағидаларын сақтауға шақырды.

Астана әзірге бұл мәлімдемеге пікір білдірген жоқ.

13 тамыздағы мәлімдемесінде «Хочу жить» жобасы Ахмедияровтың «Просто журналистика» жобасында айтылған Ресей әскері құрамында соғысқан немесе соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін бұған дейін өзі жариялағанын айтқан. Украиналық ұйым қолында әлемнің 135 елінен шыққан 28 мыңнан астам шетел азаматы туралы дерек барын, оның ішінде кемінде 2420-сы Қазақстан азаматы екенін айтқан. Бұл мәліметтер бірнеше рет жарияланып, Украинадағы Қазақстан консулы Бауыржан Бегәлімовке де тапсырылғанын атап өткен.

Жоба тізімдердегі деректер толық болмауы мүмкін екенін айтып, оларды құқық қорғау органдары, журналистер мен OSINT-зерттеушілер қосымша тексеріп, нақтылауы үшін жариялайтынын түсіндірді.

«Хочу жить» Қазақстан билігі журналист Лұқпан Ахмедияровты кәсіби міндетін атқарғанына бола қудалауға жол бермей, сөз еркіндігін қамтамасыз етеді деп үміт білдірді.

3 тамызда журналист, «Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннның Шекара қызметі елден шығармай қойған. Ол Астана әуежайынан Черногорияға отбасымен бірге ұшпақ болған жерінен кері қайтуға мәжбүр болды.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, әуежайда Шекара қызметінің өкілі оған «сіздің елден шығуыңызға Астана полициясы тыйым салған, не себепті екенін білмеймін» деген. Кейіннен полиция журналистің үстінен 274-бап бойынша іс қозғалғанын мәлімдеген.

Лұқпан Ахмедияров бұл оқиғаға дейін, яғни, 31 шілдеде тергеушінің шақыртуымен полиция басқармасына барып, түсініктеме берген. Оның сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген.

Соның қарсаңында әлеуметтік желіде өзін Андрей Котовпын деп таныстырған өскемендік «заңда көрсетілген құқықтарым бұзылып жатыр» деп Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған.

Котов журналистің Украинадағы “Хочу жить” жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жатқан қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шүйліккен. Сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Бірақ Украинада соғыспаған, Ресейде вахтада жұмыс істеген.

Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін алға тарыптып отыр.