Құрылтай сайлауы жақындаған тұста елде журналистер мен құқық қорғаушылардың әлеуметтік желідегі парақшалары бірінен соң бірі бұғатталып жатыр.
10 тамыздан бері қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасы толығымен бұғатталды. Ал Instagram аккаунты жаппай «страйк» шабуылына ұшырап, жойылу қаупі бар.
Бұдан өзге Elmedia жобасының жетекшісі, журналист Гүлжан Ерғалиеваның да Facebook парақшасы бұғатталғаны белгілі болды.
Құқық қорғаушылар мен журналистер қауымдастығы бұл жағдайды 23 тамызда өтетін сайлау алдындағы сөз бостандығын жүйелі түрде шектеу деп бағалап отыр.
«Әлбетте, жаһандық модерация жүйесі алдын ала енгізілген алгоритм бойынша жұмыс істейді. Егер бұл кәдімгі техникалық ақау болған жағдайда, аккаунт басқа аккаунттармен бірге қалпына келер еді. Бұғаттаудың әлі де жалғасып отырғаны жергілікті құрылымдардың мақсатты түрде, қолмен әрекет етіп отырғанын көрсетеді. Ел ішінде боттар фабрикасы үздіксіз жұмыс істеп, күн сайын нақты бір аккаунтқа қарсы жасанды шағымдар жіберіп отырады. Оның басты мақсаты — әлеуметтік желі алгоритмі шектеулерді алып тастай алмайтындай жағдай жасау», – деп мәлімдеді Elmedia жобасы 13 тамыз күні Facebook желісінде жариялаған үндеуінде.
Бұған дейін журналист Назымгүл Күміспаеваның «Otkir kurek» жобасының Instagram парақшасы да бұғатталып, екі аптадан соң, жоба қарсы шағым жазғаннан кейін бірақ ашылған.
«Біз сіздермен екі апта болмадық. Не болды деп сұрасаңыздар? Барлығы классикалық үлгі бойынша. Боттар біздің жазбаларымызға жаппай шағым түсірген. Meta шағымдарға қарағанда, бізді өшіре салуды жөн көрген. Қазір тәуелсіз журналистердің өмірі оңай емес. Біреуіне қысым жасап жатыр. Біреуін бұғаттайды. Енді біреуінің парақшасын мүлде өшіреді. Бірақ біз қайтып оралдық. Парақшаны қалпына келтіре алдық», – деп жазды «Otkir kurek» жобасы парақшасында.
Қазақстанда тәуелсіз журналистер, құқық қорғаушылар мен белсенділердің әлеуметтік желідегі парақшаларының бұғатталуы үйреншікті жағдайға айналған. Тіпті «Азаттық» радиосы сияқты үлкен медиалардың да Instagram парақшалары бұғатталған кездер де болған. Десе де, кейіннен парақша ашылған.
Бірақ Құрылтай сайлауы қарсаңында тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушылардың парақшаларын бұғаттау жаңа қарқын алған тәрізді.