Тәуелсіз журналист Динара Егеубаева өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты қозғалған іске байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, бейне бақылау камерасына жазылған видеолар өшірілген болуы мүмкін.
– Тергеуші Сұлтан Рахматуллаев жауап алу кезінде бейнежазбалардың тәркіленгені туралы бір ауыз сөз айтпады. Тіпті менен өзім түсірген видеоны сұрады, – деп жазады Егеубаева Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, велосипедші оқиға болған күні алдын ала телефонмен сөйлесіп, көлік автотұрақтан шыққанға дейін жақын маңда күтіп тұрған. Алайда оған қатысты бейне жазба тәркіленген.
– Маған сондай-ақ велосипедшінің мені күтіп тұрғанын айтты. Ол қолында телефонын ұстап, мен көлікпен шыққан жерге жақын маңда тұрған. Менің шығып келе жатқанымды хабарлаған сәтте ол бірден қозғалып кеткен сияқты. Бақылау камераларының біріндегі бейнежазбада оның күтіп тұрғаны, кейін менің көлігімді қағып кеткен сәті де түсірілген. Бірақ бейне тәркіленген, – деді ол.
Ол өзін бірнеше рет бір мотоциклшінің аңдып жүрген болуы мүмкін екенін де еске алды. Алдымен журналист көлігін жүргізіп келе жатқанда, мотоциклші оның артынан қозғалған. Кейін тоқтап, оқиғаның қалай өрбитінін бақылаған. Журналистің пайымдауынша, ол велосипедшінің әрекетін үйлестіріп отырған болуы мүмкін.
«Көлікті қағу әдейі ұйымдастырылған. Бірақ мен видеоны жариялаған кезде ол жоспар жүзеге аспай қалды», – деп есептейді Егеубаева.
31 шілдеде қарсы жолақпен жоғары жылдамдықпен келе жатқан велосипедші тұрақтан шығып келе жатқан Динара Егеубаеваның көлігінің бүйіріне соғылған.
Соқтығыстан кейін Егеубаева полиция мен жедел жәрдем шақырған. Оның көлігі тәркіленгенімен, тәркілеу туралы акт жасалмаған. Оқиға орнында полицейлер «ол көлікпен қағып кетті» деген мазмұнда хаттама толтырып, құжатты әкімшілік сотқа жолдайтынын айтқан. Алайда үш күннен кейін әкімшілік іс емес, қылмыстық іс қозғалғаны туарлы белгілі болды. Ал әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғасы салдарынан велосипедшінің қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат таратыла бастады.
Егеубаеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша – «көлік құралдарын жүргізу немесе пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар зардап шеккен тарап өзіне келтірілген шығынды үш миллион теңге деп бағалаған.
Динара Егеубаева «Динарион» YouTube-арнасының авторы. Жаңа Конституция бойынша референдум қарсаңында оның әлеуметтік желілердегі парақшалары бұғатталған. Сонымен қатар жақында YouTube платформасында оның арнасының атауына ұқсас атауы бар және журналистің суреті қойылған жаңа арна пайда болған.
Бұған ұқсас велосипедші қатысқан оқиға Алматыда «Ахуал сегодня» сатиралық YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровпен де болған. Бұл жағдай оның билік туралы сатиралық видеолары үшін қамауға алынуынан аз уақыт бұрын орын алған.