Прокурор «процеске қатысушылардың қауіпсіздігі үшін» сотты жабық қарауды ұсынды. Джахиннің қарсылығына қарамастан, судья бұл өтінішті қанағаттандырды
«Алға, Қазақстан» тіркелмеген партиясының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Амангелді Джахиннің соты жабық түрде қаралатын болды.
12 мамыр күні Ақмола облыстық сотында Джахиннің ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті. Адам құқықтарын ажет және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлағандай, Жахинге қарсы іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-бөлігі («экстремистік қызметке қатысу») және 258-бабының 1-бөлігі («экстремистік қызметті қаржыландыру») бойынша қаралып жатыр.
Жахин өткен жылдың қазан айында ұсталған болатын. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2023 жылы Марат Жыланбаев – «Алға, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі қамауға алынғаннан кейін, Амангелді Джахин «оппозициялық бастаманың тізгінін өз қолына алған». Сол уақытқа дейін партия кем дегенде 26 рет тіркеуге құжат тапсырғанымен, әр жолы бас тартуға тап болған.
Джахиннің серіктесі Сергей Измайлов айтуынша, саяси қудалауға «Алға, Қазақстан» партиясының ұйымдастыру мәселелерін талқылау және митинг өткізу туралы хабарламалар беру себеп болған. Оның сөзінше, «экстремизмді қаржыландыру» деп танылған әрекет – Марат Жыланбаев сотталмай тұрып оған 20 мың теңге жіберу, сондай-ақ бастамаға қатысушылардың біріне шамамен 50 мың теңге аудару болған. Әлгі қатысушы бірнеше айдан кейін эмиграцияда жүрген банкир әрі саясаткер Мұхтар Әблязовқа ақша жіберген деген болжам айтылған.
Сот бастала салысымен прокурор «Джахиннің ісін жабық түрде қарауды сұрады». Мемлекеттік айыпталушының пікірінше, «бұл процеске қатысушылардың қауіпсіздігі үшін». Белсендінің өзі де, оның қорғаушылары да процесті жабық өткізуге наразылығын білдірді. Алайда, төрағалық етуші судья Берікбол Сапарғалиев «жабық процесс» өткізу ұсынысын қолдап, келесі сотты 19 мамырға белгіледі.
Амангелді Джахиннің өзі тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып үлгерген.
Естеріңізге сала кетсек, Астанада тұратын белсендіні полиция қызметкерлері ол Көкшетауға жолға шыққанда ұстап, үйінде тінту жұмыстарын жүргізген. Артынша, оған Қылмыстық кодекстің ауыр баптары айып ретінде танылып, Джахин қамауға алынды. Жақтастары мұны «саяси астары бар қудалау» деп санайды. Олардың ойынша, билік Джахинге саяси партия құрғызбау үшін қылмыстық іс қозғап, оны қамауға алып отыр.
Амангелді Джахинге дейін дәл осындай айыптармен марафоншы Марат Жыланбаев пен журналист Думан Мұхамедкәрім де сотталған еді. Олардың да ісі жабық процесте қаралып, белсенділер жеті жылға бас бостандығынан айрылды.