Прокурор белсенділерге түрме жазасын сұрады
  • Басты
  • >
  • Прокурор белсенділерге түрме жазасын сұрады

Прокурор белсенділерге түрме жазасын сұрады

09.04.2026

Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының тоғыз белсендісіне прокурор бес жыл түрме жазасын сұрады. Қытайда Қазақстан азаматы Тұрғанбай 2,5 жылға сотталды

Қытай туын өртеп, «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа тартылып жатқан тіркелмеген «Атажұрт» партиясының белсенділеріне прокурор түрме жазасын сұрады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, сотты болып отырған 18 белсендінің тоғызына прокурор бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын, қалғанына 9 жыл шартты түрде мерзім сұрады. 

Сотталушылардың қорғаушысының айтуынша, нақты кімдерге түрме жазасы сұралғанын әзірше айтуға құқығы жоқ. 9 сәуір күні сотталушылар соңғы сөзін айтады, одан кейін үкім оқылады дегенді де журналистер жазды. 

Осыдан бірнеше күн бұрын белсенділердің туыстары жеке үйде баспасөз мәслихатын өткізіп, сотталушыларға әлдекімдердің қысым жасап отырғанын мәлімдеген еді. 

«Азаттықтың» жазуынша, «Мәселен, қамаудағы Бақытнұр Нұрмұқанға бейтаныс екі адам келіп, әлдебір құжатқа қол қой деп қыстағаны айтылды. Мұны ол әкесіне 2 сәуірде айтқан. 80 жастағы қария науқас баласына “әлдекімдер қастық істегісі келеді” деп қорқады. – Балама екі бейтаныс адам қол қойып бер депті. Балам не үшін қол қоямын деп қоймапты. Бірталай қыстапты, балам қағазда не жазылғанын айтпады. Баламның құлағы жақсы естімейді. Байрақ өртегеніңе кінәлісін бе, кінәлі емессің бе, қол қой деп айтыпты, – дейді қамаудағы Бақытнұр Нұрмақанның әкесі Нұрмақан Арыстан баспасөз мәслихатында. Қамауда отырған Батылбек Байғазының анасы Назира Шаймұрат “Соттан екі күн бұрын бейсауат екі адам келіп, менің балама күштеп қол қойғызып алыпты. Балам неге қол қойғызғанын айтпады. Түрме бастығына барып, кірген адам кім деп едім айтпай қойды. Неге бізді кіргізбейді, баламлы алты ай болды көрсетпей отыр. Баламның денсаулығы жоқ, көзіне операция жасамақшы едік, бүйрегі ауырады” дейді».

Өткен жылдың қараша айыда «Атажұрт» белсенділері Алматы облысында Қытай туын өртеп, алдымен әкімшілік жазаға тартылған еді. Кейіннен олардың үстінен қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша іс қозғалып, олар Талдықорған тергеу изоляторына ауыстырылған болатын. 

Белсенділер бұл акцияны Қытайда ұсталған азамат Әлімнұр Тұрғанбайдың бостандығын талап ету үшін өткізген еді. Белгілі болғандай, Тұрғанбай Қытай сотының үкімімен 2,5 жылға бас бостандығынан айрылған. 

Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайда 2,5 жылға сотталғаны туралы Азаттық радиосына оның қызы Ұлжалғас Әлімнұр айтты.

«Біз екі ай бұрын әкеміздің Күнестің жаңа түрмесіне ауысқанын білеміз. Ол күніне екі сағат қытай тілін үйренеді және қалған уақытысында тігін зауытында жұмыс істетеді екен. Тамақ пұлын туысқандары төлейді. Өзіне ғана сот болған, туысқандары қатыспаған. Бізге СІМ мәлімдемеген, өзіне ғана сот ашылған. Бұл негізі заңсыз. 2,5 жылға сотталды деген, бірақ бізге ресми түрде қағаз келген жоқ», – дейді ол.

Ұлжалғас Әлімнұрдың сөзінше, Әлімнұр Тұрғанбайды інісі экранның ар жағынан көрген.

«Түрі бозарып кеткен және қол-аяғында кісен болған. Тамақ жақсы ма деген кезде, болады деген. Бірақ жақсы деп айтпаған», – дейді Ұлжалғас Әлімнұр.