Асет Матаевты үйқамаққа ауыстырды
  • Басты
  • >
  • Асет Матаевты үйқамаққа ауыстырды

Асет Матаевты үйқамаққа ауыстырды

31.03.2026

Алматы қалалық соты белгілі журналистің бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны үйқамаққа ауыстыру туралы қаулы шығарды

Белгілі журналист, КазТАГ агенттігінің басшысы Асет Матаев тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. 

Бұл туралы оның қорғаушылары Елена Жигаленок пен Рена Керимова хабарлады. 

Жигаленоктың айтуынша, Алматы қалалық соты қорғаушылардың талабына назар аударып, Матаевты үйқамаққа ауыстыру туралы қаулы шығарды.

Алматының тергеу соты мен құқық қорғау органдары әзірге бұлтартпау шарасының жеңілдетілуінің процессуалдық себептері туралы ресми түсініктеме берген жоқ.

Десе де, Матаевтың қорғаушылары бұған дейін журналистің ауыр жарақат алғанын, тергеу изоляторы жағдайында оған тиісті медициналық ем дом көрсетуге мүмкіндік жоқ екенін айтқан болатын. 

Ақпарат агенттігі басшысына қатысты оқиғалар бірнеше күн ішінде қарқынды түрде өрбіді. 18 наурызда Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері Матаевты топтық төбелестен кейін ұстады.

«Оқиғаға қатысушылардың екеуі — М. және Р. есімді азаматтар алкогольдік мас күйде өтіп бара жатқан адамдармен сөзге келіп, жанжал туғызған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандар азаматтардың ар-намысына тиетін сөздер айтып, бұл кейін физикалық қақтығысқа ұласқан. Барлық қатысушылар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — делінген полиция хабарламасында.

19 наурызда құқық қорғау органдары күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Полиция төбелеске қатысушылардың әрекеттерін бұзақылық туралы қылмыстық бап бойынша саралады.

Келесі күні Алматының мамандандырылған тергеу соты медиаменеджерді екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді. Құқық қорғау органдары күдіктінің бұрынғы міндеттемелерін бұзғанын негізге алып, осындай бұлтартпау шарасын таңдауды талап етті.

Бұзақылық ісіне дейін Асет Матаев Freedom қаржылық институтының арызы бойынша «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық бабына ілінген еді. Матаев қамауға алынған соң бұл істің тоқтағаны белгілі болды. Алайда, КазТАГ редакторы Амир Касеновтың үстінен тергеу амалдары жалғасып жатыр, ол да қазіргі таңда үйқамақта отырғаны мәлім.

Сонымен қатар, халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) КазТАГ басшылығына қарсы қозғалған қылмыстық іске алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры да бұған қатысты мәлімдеме жасады.

Адвокат Рена Керимова YouTube-та жарияланған видеода алаяқтықтан зардап шеккендердің адвокаты тек Световойға және басқаларға қатысты қылмыстық іске байланысты фактілерді ғана айтқанын және әдейі жалған ақпарат таратпағанын мәлімдеді. 

Айта кетейік, КазТАГ басшылығына қатысты заңсыз қылмыстық қудалау қазіргі уақытта Қазақстандық және шетелдік көптеген бұқаралық ақпарат құралдарының жіті назарында.

Сонымен қатар, КазТАГ басшыларын парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және кәсіби қауымдастық өкілдері қолдады.

Қосымша айта кетсек, 10 желтоқсанда Касенов Freedom Finance компаниясының бенефициары Тимур Турловпен бетпе-бет кездесу өткізуді талап еткенін, сондай-ақ компания инвесторларының барлығын, оның ішінде жалтарған жағдайда мәжбүрлеп жеткізу арқылы жауап алуға шақыру туралы өтініш білдірмек ниеті бар екенін хабарлады.